Қаратөбеден Астанаға велосипедпен жеткен ұстаз «Ақ жол» партиясына қабылданды
Қаратөбеден елордаға дейін мыңдаған шақырым жол жүрген Асылбек Айболатов сапар барысында тұрғындардың ұсыныс-тілектерін жинап, оларды партия басшылығына жеткізді.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданынан велосипедпен жолға шыққан ұстаз Асылбек Айболатов мыңдаған шақырымды еңсеріп, Астанаға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаратөбеден басталған велосапар Ақтөбе, Қостанай және Көкшетау арқылы елордаға дейін жалғасты. Сапардың мақсаты спорттық бастамамен ғана шектелмей, өңір тұрғындарымен тікелей кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін жинауға бағытталды.
Жол бойында Асылбек Айболатов елді мекендерге арнайы аялдап, тұрғындармен кездесті. Ол азаматтарға «Ақ жол» Демократиялық партиясының негізгі бастамалары мен ұстанымдарын таныстырып, халықты толғандыратын мәселелерді, ұсыныстар мен тілектерді жинақтады.
Астанаға келген ұстазды «Ақ жол» Демократиялық партиясының елордалық филиалы мен Жастар кеңесінің өкілдері қарсы алды. Велосапар кезінде тұрғындардан жиналған ұсыныстар мен өтініштер партия басшылығына табысталды.
Партия төрағасы Дания Еспаева бұл бастаманың халықпен тікелей байланысты нығайтудағы маңызына тоқталды.
«Кабинетте отырып, адамдардың мұң-мұқтажын толық білу мүмкін емес. Сіз халықтың үнін тікелей жеткізіп отырсыз. Бұл ұсыныстар біз үшін өте маңызды және міндетті түрде партия жұмысында ескеріледі», – деді Дания Еспаева.
Партия төрағасы Асылбек Айболатовтың бастамасын азаматтық белсенділік, табандылық пен жауапкершіліктің үлгісі ретінде жоғары бағалады. Оның елді мекендерді аралап, тұрғындармен тікелей кездесуі қоғам мен саяси партия арасындағы байланысты нығайтудың нақты көрінісі екенін атап өтті.
Кездесу барысында Асылбек Айболатов «Ақ жол» Демократиялық партиясының қатарына ресми түрде қабылданды.
Осылайша, велосапар барысында партияның ұстанымдарын халыққа жеткізіп, азаматтардың ұсыныс-тілектерін жинаған Асылбек Айболатов енді бұл жұмысын «Ақ жол» Демократиялық партиясының мүшесі ретінде жалғастырады.
Мыңдаған шақырымға созылған сапардың басты нәтижесі – өңір тұрғындарының үні мен ұсыныстары партия басшылығына тікелей жеткізілді.