Қараталда 1383 адам пәтер кезегінде тұр

Қаратал ауданында жыл санап баспанаға мұқтаж жандар атып келеді. Былтыр 1354 тұрғын кезекте тұрған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атап айтсақ, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататындар - 516, жетім балалар - 342, мемлекеттiк қызметшiлер және бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi - 295, көп балалы отбасылар - 224, тұрғын үйі авариялық деп танылған азаматтар - 6 адам. Олардың бәрі 5-10 жылдап кезекте тұрғандар.

Бұл өзекті мәселелердің бірі. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 9 млрд 685 млн теңгені құрап, 117,8 пайызға орындалды. 12,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Осы жылы құрылыс жұмыстарының жоспары 10 млрд 928,4 млн. теңге, ал тұрғын үй құрылысы көлемінің жоспары 12,6 мың шаршы метрді іске қосу болып отыр, - дейді аудан әкімі Ұлан Досымбеков.

Оның айтуынша, бюджет қаражаты есебінен Үштөбе қаласында 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы салынып жатыр. Мемлекеттік қорытындысы бойынша нысан былтырғы жылдан өтпелі. Мердігер құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтамаған үшін сотқа талап арыз беріліп, сот процестері жүргізіліп жатыр. Нәтижесі алдағы уақытта шығады.

Сондай-ақ, 60 пәтерлі 2 үйдің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп бюджеттік өтінім берілген. Қаражат берілген жағдайда қосымша 7,6 мың ш.м. құрылысы іске қосылады. Биыл кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарды қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 50 жеке тұрғын үй сатып алу үшін 882,5 млн. теңге бөлінген.

Былтыр Үштөбе қаласында көп қабатты тұрғын үйлерден 12 пәтер және 10 жаңа жеке тұрғын үй сатып алынған. Одан бөлек ауданда еңбек етіп, кәсібі өрге домалаған демеушілер есебінен 3 тұрғын үй және Көкдала ықшам ауданында «Алия Сервис» ЖШС-гі 15 жаңа жеке баспананың құрылысын жүргізіп, мұқтаж жандарға таратқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы