«Қарасора». Өткен айда елде 6 тонна есірткі табылды
Өткен айда елімізде 6 тонна есірткі заңсыз айналымнан алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Сұлтанов мәлімдеді.
Айтуынша, жыл сайын маусым мен қазан аралығында өтетін «Қарасора» республикалық шұғыл-профилактикалық іс-шарасы жүзеге асырылуда.
Өткен айда полиция қызметкерлері арнайы операция кезінде 315 қылмысты анықтады. Соның ішінде 49 дерек – есірткіні заңсыз сақтау, 114-і – құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру дерегі бойынша, - деп атап өтті аға инспектор.
Сонымен қатар ол ірі көлемде 6 тонна есірткі алынғанын алға тартты.
Заңсыз айналымнан 6 тонна есірткі алынды. Оның 900 келісі – марихуана, 63 келісі – гашиш, 12 келісі – синтетика және 700 грамы – героин. Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 12 қарасора плантация жойылды. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру бойынша 114 қылмыстық іс, аса ірі көлемде есірткі өткізу бойынша 64 қылмыстық іс қозғалды. 154 күдікті қолға түсті, - деді Серік Сұлтанов.