"Қарасора-2025": Атырауда есірткі айналымының алдын алу шаралары күшейтілді

Атырауда полицейлер есірткі айналымының алдын алу шараларын күшейтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Атырау облысында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына жол бермеу мақсатында "Қарасора-2025" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шара аясында Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері "Қазпошта" АҚ филиалында пошта жөнелтілімдерін арнайы үйретілген іздестіру иттері арқылы тексерді.

Нәтижесінде 70-ке жуық тінту-тексеру жүргізіліп, күдік тудыратын заттар анықталған жоқ. Сонымен қатар Құрманғазы ауданына қарасты Бөкей-Хан елді мекеніндегі Құрманғазы шекара бекетінде де тексеру жұмыстары атқарылды.

Мұнда полиция мен кинологтар 1000-нан астам тінту-тексеру жұмыстарын жүргізді. Мақсат – облыс аумағына тыйым салынған есірткі және психотроптық заттардың заңсыз жеткізілуін болдырмау, сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу. Атырау облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы