Қарашығанақ пен Қашағандағы жобаларда қазақстандық қамту үлесін арттыру маңызды − Бектенов

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов италиялық ENI компаниясының табиғи ресурстар бөлімшесінің барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөнінде кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуде Қарашығанақ және Қашаған кен орындарындағы бірлескен жұмыс барысы қаралып, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы жаңа жобаларды іске қосу мәселелері талқыланды.

Тараптар Қарашығанақты кеңейту жобасының жоспарға сай іске асырылып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда өндірісті жылына 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру үшін шикі газды кері айдайтын қосымша 5-6 компрессорды іске қосу процесі жалғасуда. Қуаты жылына 4 млрд м³ болатын газ өңдеу зауытын салу жобасы белсенді түрде іске асырылып жатыр, жаңа кәсіпорын халықты тиімді бағадағы тауарлық газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қашаған кен орнын толық көлемде игеру жұмыстары уақтылы жүзеге асырылуда және Үкіметтің ерекше бақылауында. Тараптар сондай-ақ алдағы газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты өзге де мәселелерді талқылады.

Келіссөз барысында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыруда ENI компаниясымен ынтымақтастықтың оң тәжірибесіне ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, Ақтөбе облысында «Бадамша-1», «Бадамша-2» жел электр станцияларының, Түркістан облысында «Шәуілдір» күн электр станциясының іске қосылуы сөз болды. Алдағы кезеңде жұмыстар Маңғыстау облысында жалпы қуаты 247 МВт болатын ЖЭК және табиғи газбен жұмыс істейтін гибридті аралас электр станциясын бірлесіп салуға бағытталатын болады. Бұл өндірістегі апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қарашығанақ пен Қашағандағы жобаларды іске асыру кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін арттырудың маңызын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендерін растады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы