Қарашөкеев тамақ өнімдері қанша пайызға өскенін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 3 айдың ішінде тамақ өнімдері қанша пайызға өскенін айтты.
Министрдің айтуынша, облыстар бөлінісінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсу қарқыны 6 облыста байқалды.
Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,8%-ға өсіп, 607,8 млрд теңгені құрады. Яғни өңделген және консервіленген көкөніс өндіру көлемінің 1,8 есе, ұнның 23%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың 21,5%-ға, жарманың 8,3%-ға, шұжық өнімдерінің 7,8%-ға, макаронның 5,3%-ға, қышқыл сүт өнімдерінің 2,6%-ға артқаны байқалды, - дейді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар АШМ басшысы атап өткендей, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 35,8%-ға ұлғайып, 34,1 млрд теңгені құрады.
Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр, - деп атап өтті ол.