19 Қазан 2026, 15:05 Фото: unsplash.com

Қарашада Қазақстанда ауа райы қандай болады?

Қараша айында Қазақстанның барлық аумағында ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормаға жуық, ал бірқатар өңірде нормадан көп түсуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ның 2026 жылғы қарашаға арналған климаттық болжамында айтылған.

Синоптиктердің болжамынша, қарашада елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға жуық болады. Ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік жартысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде жауын-шашын нормадан көп түсуі ықтимал.

Сондай-ақ жауын-шашын мөлшері Алматы облысы мен Жетісу облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Абай облысының солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысында нормадан жоғары болады деп күтіледі.

Қарашада ауа температурасы қандай болады?

«Қазгидромет» мәліметінше, қарашада елдің басым бөлігінде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында ауаның орташа айлық температурасы 0…-5 градус аралығында болады. Ал елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігінде +1…+9 градус шамасында күтіледі.

Көпжылдық климаттық деректерге сәйкес, қараша – қыс алдындағы маусымның алғашқы айы. Қазаннан қарашаға ауысқанда ауа температурасы республиканың басым бөлігінде 7-10 градусқа, ал елдің қиыр солтүстік-шығысында 12-14 градусқа төмендейді.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде қарашадағы орташа айлық температура +1…+6 градус болса, елдің қалған аумағында -1…-8 градус аралығында болады.

Қар жауып, боран соғуы мүмкін

Қарашада Қазақстанда жауын-шашын жаңбыр және қар түрінде түседі. Ай ішінде қар жамылғысы қалыптаса бастайды.

Солтүстік және шығыс өңірлерде қар жамылғысы, әдетте, қарашаның ортасында, ал Орталық Қазақстанда айдың екінші жартысында орнығады. Оңтүстік өңірлерде тұрақты қар жамылғысының ең ерте қалыптасу мерзімі 11-23 қараша аралығына сәйкес келеді.

Солтүстік және шығыс облыстарда қардың биіктігі 5-10 сантиметрге жетуі мүмкін. Кейбір жылдары қар қалыңдығы 40 сантиметрге дейін барады.

Қарашада жел күшейіп, боран соғуы ықтимал. Солтүстік өңірлерде боранды күндердің орташа саны 3-7 күнді құрайды. Кейбір жылдары бұл көрсеткіш 13-18 күнге дейін жетеді. Ал оңтүстік облыстарда боран сирек байқалады.

Қазақстан аумағында тұманды күндердің орташа саны айына 2-6 күнді құрайды. Таулы аудандарда тұман жиірек түсіп, айына 8 күнге дейін жетуі мүмкін.

Қарашадағы жауын-шашын мөлшері

Көпжылдық климаттық деректер бойынша, қарашада жауын-шашын мөлшері өңірлерге қарай әртүрлі болады.

Елдің оңтүстігіндегі шөлді аймақтарда жауын-шашынның ең аз мөлшері 7-10 миллиметр шамасында. Ал Қазақстанның оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда 40-50 миллиметр, жекелеген жерлерде 52-126 миллиметр жауын-шашын түсуі мүмкін.

Республиканың қалған аумақтарында жауын-шашын мөлшері 12-35 миллиметр аралығында болады.

«Қазгидромет» мәліметінше, қарашада Қазақстанның барлық аумағында ауа райы біртіндеп суығанымен, 2026 жылғы болжам бойынша орташа айлық температура климаттық нормадан жоғары болады деп күтіледі.