Қарашада Алматыдан Токиоға тікелей әуе рейсі ашылады – Нәлібаев
Қазақстан мен Жапония арасында жаңа әуе қатынасы іске қосылады. 30 қарашада Алматы–Токио бағытында алғашқы әуе рейсі орындалады. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет үйінде Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берілген тапсырмалар шеңберінде экономиканың нақты секторын дамыту мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, елімізде жаңа әуежайлар салу және халықаралық әуе қатынасын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшымыздың тапсырмасы бойынша Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш әуежай салынуда. Олардың құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Басқа елдермен халықаралық әуе қарым-қатынасты дамытудамыз. 2026 жылғы 30 қарашада Алматы-Токио бағытында бірінші әуе рейсі ашылады. Келесі жылы Вена, Нью-Йорк, Милан және басқа да жаңа әуе бағыттары ашылады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары елімізде негізгі авиациялық хабтар айқындалғанын атап өтті. Бұл хабтарда арнайы экономикалық аймақтар режимі енгізіліп, жанармай құю кешендері мен жүк терминалдары жаңғыртылып жатыр.
Сонымен қатар мультимодальды тасымалдау қағидаттарына сәйкес теміржол және автомобиль жолдары тартылуда.
Аэронавигациялық қамтамасыз ету жүйесін озық халықаралық жабдықтар мен стандарттар негізінде жаңғырту басталды. Ұлттық жүк әуе тасымалдаушысы – «Эйр-Карго» құрылды. Компанияның алғашқы әуе кемесі осы жылдың қараша айында, ал екіншісі наурыз айында жеткізіледі. Әуе кемелері паркінің жалпы саны 10 жүк ұшағын құрайды, – деді ол.
Бұдан бөлек, көлік саласын цифрландыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Нәлібаевтың айтуынша, «Е-Көлік» бірыңғай зияткерлік платформасы негізінде ақпараттық жүйелер интеграциялануда.
Көлік саласын толық цифрландыру мақсатында «Е-Көлік» бірыңғай зияткерлік платформасының негізінде ақпараттық жүйелер интеграциялануда. Аталған платформа арқылы қағазсыз құжат айналымына толық көшу, құжаттарды ресімдеу мерзімдерін қысқарту және жүк ағындарының ашықтығын арттыру қамтамасыз етіледі, – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.