22 Қараша 2026, 13:48 Фото: ҚР ІІМ

Қараша айының алғашқы он күнінде Қазақстанда 200 келіден астам есірткі тәркіленді

Алматы, Шымкент және Павлодар қалаларында психотроптық заттардың заңсыз айналымына күдікті үш адам ұсталды.

Алматы, Шымкент және Павлодар қалаларында психотроптық заттардың заңсыз айналымына күдікті үш адам ұсталды. Олардың арасынан кетамин, α-PVP және мефедрон тәркіленген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматыда 56 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оның көлігі мен пәтерін тінту кезінде 220 грамнан астам кетамин табылып, тәркіленген.

Шымкентте 21 жастағы тұрғын күдікке ілінді. Жеке тінту барысында одан шамамен 500 грамм синтетикалық есірткі анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт тыйым салынған заттарды қала аумағында сатуды жоспарлаған.

Ал Павлодарда 32 жастағы әйел ұсталды. Одан шамамен 1,5 келі α-PVP және 30 грамға жуық мефедрон тәркіленген. Полицияның хабарлауынша, күдікті әлеуметтік желіден есірткі тасымалдаушы қызметі туралы ұсыныс тауып, тыйым салынған заттарды тарату үшін Алматыдан Павлодарға арнайы келген.

ІІМ мәліметінше, қараша айының алғашқы он күнінде есірткіге қатысты 56 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 35-і – қылмыс. Осы кезеңде 35 күдікті ұсталған.

Олардың 19-ы есірткі сатты деген күдікке ілінсе, үшеуі есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін, сегізі контрабанда, тағы үшеуі улы заттардың заңсыз айналымы дерегі бойынша ұсталған. Бұдан бөлек, есірткісі бар өсімдіктерді өсіру, сондай-ақ есірткіні насихаттау және жарнамалау фактілері бойынша бір-бір күдікті анықталған.

Жалпы заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 190 келі марихуана, шамамен 13 келі синтетикалық есірткі және 4 келі гашиш бар. Ведомствоның бағалауынша, тәркіленген заттардың көлемі жарты миллионға жуық шартты бір реттік дозаға жетер еді.

Ішкі істер министрлігі есірткінің таралуына тосқауыл қою және жастардың заңсыз айналымға тартылуының алдын алу бағытындағы кешенді жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.