Қарақұртпен күрес. 150 гектар жер залалсыздандырылды

Баянауыл ауданында қарақұрттармен күрес жұмыстары шеңберінде Торайғыр ауылдық округінің аумағында 150 гектар жерде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қарақұрттардың көбеюіне байланысты төтенше жағдай жарияланған соң дезинсекциялық жұмыстар қолға алынды. Мамандар жәндік тараған аумақта химиялық залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Олар тастардың арасындағы жәндіктердің ұяшықтарын да жойды.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қарақұрттардың бары байқалмайды.

Дегенмен, келесі жылы көктем және күз айларында улау жұмыстарын жүргізуге ауданның негізгі бюджетінен қаражат қарастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл шараларды жергілікті дезинсекциялық кәсіпорын өкілдері қолға алды. Жалпы, өңіріміз үшін осы жәндіктердің таралуы үйреншікті құбылыс емес. Қарақұрттар былтыр Торайғыр ауылдық округінің күншығыс жағында пайда болды. Бірақ, ауылдан алыс жерде. Тұрғындар мен туристерге қауіп жоқ. Себебі, өрмекшілер тасты жерлерде тіршілік етеді. Зерттеу барысында жәндіктердің үш шақырымдай жерге жылжығаны анықталды. Яғни, олардың көші-қоны байқалады, - дейді Ардақ Ксентаев.

Айта кетейік, бұған дейін Баянауыл ұлттық паркінің мамандары қарақұрттардың жұмыртқаларын жинап, жойған болатын. Күніне қарақұрттардың 20 аналығы мен 80 ұясын тауып, теріп алынды. Нақтырақ айтқанда, 160-қа жуық ұяшық табылып, 80-ге жуық аналық жиналды

Қызметкерлердің айтуынша, ерекше қорғалатын аумақта химиялық улау шараларын жүргізуге рұқсат жоқ. Сондықтан, қауіпті буынаяқтылар қолмен жиналды. Дер кезінде атқарылған жұмыстардың арқасында зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы