Қарақат Әбден тағы бір мәселенің шешімін ұсынды

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осыған қатысты сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Ауыл ежелден-ақ халқымыздың ұйытқысы, ырыстың бастауы болып саналады. Қазақтың қасиетті құт мекені – ауылдың қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Онсыз да саны жыл сайын азайып жатқан ауылдарымыз қаңырап қалмасын десек ауыл шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлуіміз қажет. Ауыл жағдайы құлдыраса, қазақтың да жағдайы мүшкіл болмақ, - дейді Әбден.

Депутат ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету мәселені шешудің бірден-бір жолы екенін айтады.

Сонымен қатар ол осындай мәселелердің салдары азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеп соғып жатқанын жеткізді.

Қарақат Әбден «Ауыл» партиясының фракциясы ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бағдары арқылы шешуді ұсынды.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрінен босату керек. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату. Бұл - Ауыл партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі, - деп айтты депутат сауалында. 

Әбден ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тасы өрге домаласа, ауылдардың да тіршілігі кеңге қанат жаятынын еске салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ
Өзгелердің жаңалығы