Қарақат Әбден: Ешбір партияны «бізден әлсіз» немесе «бізден мықты» деу дұрыс емес
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXVI съезі аясында партия мүшесі Қарақат Әбден басқа саяси партиялар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарақат Әбден басқа партиялардың сайлауалды бағдарламасына қатысты барлық саяси күшке құрметпен қарайтынын айтты.
Мен өз басым барлық партияларға үлкен құрметпен қараймын. Қазір еліміздегі саяси үдерістер жақсы бағытта дамып келеді. Өзгерістер болып жатқаны дұрыс. Қатып қалған жүйе ешқашан жақсы емес. Қазір саяси серпін байқалады, - деді ол.
Оның айтуынша, қай партияның бағдарламасы тиімді екенін уақыт пен сайлаушының таңдауы көрсетеді.
Ешкімді “бізден нашар” немесе “бізден мықты” деп айту дұрыс емес. Оны уақыт көрсетеді. Ал өз партияма деген сенімім жоғары,– деді Қарақат Әбден.
Ал блогерлердің кандидаттар қатарында болуы қалыпты құбылыс екенін айтты.
Олар да болуға тиіс. Неге болмасқа? – деп жауап берді партия мүшесі.