Қарапайым мұғалімнен министрге дейін. Аймағамбетов министр ретінде не бітірді?
2019 жылғы 13 маусымда Президент Жарлығымен Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кейін 2022 жылы, яғни былтыр Білім және ғылым министрлігі екі министрлікке, атап айтқанда, Оқу-ағарту және Жоғары білім және ғылым министрліктеріне бөлінді. Жаңа Оқу-ағарту министрлігін Асхат Аймағамбетов өзі басқарды. Үш жарым жыл ішінде еліміздің бас ұстазы білім саласына қандай өзгеріс енгізіп, жаңашылдық әкелді? Аймағамбетов атқарған жұмыстарға шолу жасап көрелік
Мұғалімнен министрге дейін...
Экс-министр Асхат Аймағамбетов Қарағанды облысының тумасы. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін «тарихшы, тарих мұғалімі» біліктілігі бойынша тәмамдаған. Кейін 2006 жылы Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған.
Аймағамбетов еңбек жолын 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастаған. 2014 жылғы ақпан айынан бастап 2017 жылғы тамызға дейін Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары ҚР Білім жəне ғылым вице-министрі қызметін атқарған. 2019 жылдың көктемінен бастап Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Кейін 2019 жылғы 13 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Асхат Аймағамбетов ҚР Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. 2022 жылы министрлік екіге бөлінгеннен кейін Аймағамбетов 11 маусымнан бастап Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды.
2023 жылы 4 қаңтарда, яғни бүгін Президент Жарлығымен Асхат Аймағамбетов ҚР Оқу-ағарту министрі қызметінен босатылды.
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды
2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Бұл заң мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның мақсаты – педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа, Заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген.
«Әліппе» қайта оралды. 1-сынып оқушылары бірден үш тілді оқымайды
2019 жылы Аймағамбетов «Әліппе» қайта оралатынын мәлімдеді. Осылайша министрдің тұсында Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалған «Әліппе» оралып, 2021 жылғы қыркүйектен бастап мектептерде қайта оқытыла бастады.
Бірінші қыркүйекте өтетін іс-шарада біз алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппені» табыс етуіміз керек. Бұл – игі дәстүр. Осы бағыттағы жұмысты уақытылы ұйымдастыру кажет. «Әліппе» – бүлдіршіндердің алғашқы оқулығы. «Әліппе» оқулығы әзірленіп, өңірлерге жеткізіліп жатыр. «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалды, – деп айтқан болатын ол.
Аймағамбетов атағандай, зерттеулер мен талдаулар бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын екенін көрсеткен.
Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады. Әдістеме тұрғысынан алып қарағанда, бұл – дұрыс бағыт, - деп енгізілген өзгеріс туралы мәлімдеген болатын.
Мұғалімдерді артық жұмысқа «жегуге» тосқауыл қойылды
«Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерді міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға тыйым салынды.
Заңда педагогтың жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Бұл орайда, мұғалімнің кәсіби фракциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салу заң жобасында бар, – деп айтқан еді Асхат Аймағамбетов.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі күні елімізде мұғалімдердің құқығын бұзу азайған. 2019 жылы қабылданған заң мұғалімдерді міндетіне жатпайтын қызметтерге тартуға тыйым салып, артық есеп беруді талап ету және мұғалімдердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті қамтамасыз етті.
Өздеріңіз білетіндей, мектептер әкімдіктердің қарамағында болғандықтан, бұрын мұғалімдер қоғамдық орындарды тазалауға жиі тартылатын, олар іс-шараларда «массовка» болатын, жөндеу жұмыстарына қатысып, көптеген газетке жазылатын, үй-үйді аралап, міндетіне жатпайтын басқа да жұмыстарға тартылатын.
Мұғалімдердің жалақысы өсті
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді. Ал бүгінгі күні мұғалімдердің жалақысы екі есеге көбейді.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп мұғалімдерінің, колледж оқытушыларының, әдіскерлердің, қосымша білім беру педагогтерінің жалақысы тағы 25%-ға өсті.
Сонымен қатар мұғалімдердің жалақысына қосымша төлемдер белгіленген. Бұл - біліктілік санаты, магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде жүргізу, дәптерлерді тексеру, сынып жетекшілігі, жаңартылған мазмұндағы жұмыс және тәлімгерлік үшін қосымша төлемдер.
Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін де қосымша ақы қарастырылған. 2022 жылғы қыркүйек айынан бастап кадр тапшылығы бар өңірлерге тартылған мұғалімдерге лауазымдық жалақысының 150% мөлшерінде қосымша төлем белгіленді.
Мұғалімдер жұмыс істеуге өңірлерге аттанды
Былтыр мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарлама іске қосылды. Бағдарламаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі әзірледі.
Конкурс іріктеуінен өткен мұғалімдерге әлеуметтік пакет берілді: оларға лауазымдық жалақының 250%-ы мөлшерінде ынталандыру үстемеақысы, оның ішіне жоғары жалақыны, жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық қызмет ақысын төлеу кіреді. Одан бөлек, мұғалім жетіспейтін өңірлерге қоныс аударған педагогтердің балаларына балабақша мен орта мектептерден кезексіз орын беріледі.
Арнайы бағдарлама Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында енгізілді. Бұл аймақтарда математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері тапшылығы болатын.
Директорлар ротациясы мен мұғалімдер аттестациясы
Енді білім ордаларының басшыларына бір орында көп отыруына жол берілмеуге тиіс. Бұл науқанға – мемлекеттік мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының бірінші басшылары ілігеді. Қағида солар арасындағы лауазымдық ауысу тәртібін айқындайды.
Тек зейнеткерлікке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған директорлар ғана ротациялаудан босатылады. Бұл үшін оның өзі өтініш жазуы шарт.
Сонымен ротация 3 жылда 1 рет жүргізіледі. Бұл ретте қағидада «аттестаттау немесе мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшысы қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау қорытындысы» ескерілетіні баса айтылған.
Педагогтердің аттестациядан өту ережесіне де өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, біліктілік санатын растағаннан кейін 30 және одан да көп жыл жұмыс істеген мұғалімдер ҰБТ-дан босатылады, зейнетке шығуға 4 жыл және одан аз уақыт қалған мұғалімдер қолданыстағы санатты ұзарта алады, ескі жүйе бойынша санаттары бар әріптестер де ҰБТ-сыз модераторға ауысу мүмкіндігіне ие болды.
5 күндік жұмыс, мектеп формасы, тамақтану мәселесі...
Осы оқу жылында 3,4 млн-нан астам қазақстандық оқушы оқу жылын 5 күндік режимде бастады. Осылайша, үш ауысымда оқитын мектептерді қоспағанда, 7,3 мың мектеп аптасына бес күн оқиды. Бұл оқу жылының 31 мамырда аяқталуының және оқушылардың оқу жүктемесін төмендетудің арқасында мүмкін болды.
Мұғалімдер, оқу ісінің меңгерушілері мен директорлар да бес күндік жұмыс форматына ауысады, бұл шамамен 300 мыңнан астам педагог. Енді олар сенбі күні демалады. Мұғалімдер өз отбасыларына және сабаққа дайындыққа көбірек уақыт пен көңіл бөле алады.
Мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, дәстүрлі киімдерден бөлек, ыңғайлырақ киім киюге мүмкіндік берілді.
Яғни пиджак, жилет, шалбар, юбка және жейдеден тұратын қазіргі мектеп формасымен қатар оқушыларға пиджак пен жакетті түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардигандарға ауыстыруға, сондай-ақ күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейделерге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек.
Сонымен қатар 2022 жылы тамақтануды ұйымдастыру ережелеріне өзгерістер енгізілді. Азық-түлік бағасын реттеу нормалары бұдан былай құны орташа нарық құнынан жоғары болмауы керек. Білім беру ресурсында тағамдардың, мәзірдің, бағаның фотосуреттерін жариялау бойынша норма кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, қолма-қол ақшасыз төлем енгізіліп, тамақ пісіру аймағында бейнебақылау міндетті болды, балалардың үйден тамақ әкелу құқығы және мектептің оларға қажетті жағдай жасау міндеті бекітілді.
Қанша мектеп салынды?
Министрліктің дерегіне сәйкес, 2022 жылы 250-ден астам мектеп салынды.
«Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында мектептер салу жұмысы жалғасады. 2026 жылға дейін жаңа 842 000 оқушы орнын пайдалануға беру жоспарда бар. Бұл айрықша жобаны жүзеге асыруға 2,6 трлн теңге бөлінді. Ол заманауи, жайлы және сапасы мен жабдықталуы жағынан мүлдем жаңа мектеп болады, - деп айтты экс-министр.
Нүктесі қойылды. Енді білім ордалары жекеге өтпейді
Жыл соңында мемлекеттік балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарын, атап айтқанда, өнер және музыка мектептері, оқушылар сарайлары, балалар технопарктері және басқа да нысандар жекешелендіруге тыйым салатын заң қабылданды. Бұл норманы қабылдау мұндай ұйымдарды жекешелендіруге жататын объектілердің тізіміне енгізу мәселелеріне нүкте қояды, яғни бұл енді мүмкін болмайды.
Дебат пен шахмат қозғалысы, олимпиада
Президент оқушылар арасында шахмат қозғалысын дамытудың маңызды екеніне ерекше назар аударып отыр.
Қазір біз мектептерде «Шахмат» факультатив пәнін енгізу және шахмат бойынша қосымша секцияларды ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оқу жылының басынан бері «Шахмат» таңдау пәні ретінде 654 мектепте енгізілді. Оған 28 мыңға жуық бала бара алады. Ал мектептердегі шахмат секцияларының саны 7 мыңға жуықтап, 60 мыңнан астам бала оларға баруға мүмкіндік алды. Біз бұл жұмысты одан әрі қарай да белсенді түрде дамыта береміз, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар дебат қозғалысы мен мектептің өзін-өзі басқаруы айтарлықтай дамыды. Әр мектепте дебат клубы ашылып, мектеп парламенттері құрылды.
Былтырдан бастап алғаш рет халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы алды. Халықаралық олимпиадалардың 27 жеңімпазы мен жүлдегеріне, сондай-ақ оларды дайындаған 26 мұғалімге сыйақы берілді. Сонымен бірге олар ҰБТ-дан өтпей-ақ жоғары оқу орындарына түсуге грант алды.
Былтыр қазақстандық оқушылар 312 медаль (43 алтын, 95 күміс және 174 қола) жеңіп алды. Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 920 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды (1 орын – 183, 2 орын – 274, 3 орын – 463).
Біз атаған мәселелер министрлік пен министрдің атқарған жұмыстарының тек бір бөлігі ғана. Бүгін экс-министр Асхат Аймағамбетов жылды қорытындылап, жүзеге асырылған жобалар мен бастамаларға қорытынды жасаған болатын.
Бүгін өздеріңіз білетіндей, бүгін Асхат Аймағамбетов Президент Жарлығымен ҚР Оқу-ағарту министрі қызметінен босатылып, орнына әріптесі (вице-министр – ред.) Ғани Бейсембаев келді.
Министр кетті... Аймағамбетовтің әріптестері не дейді?
Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, ұстаз Өмір Шыныбекұлы жаңа министрге сәттілік тілеп, Аймағамбетовтің қаруар жұмыс тындырғанын айтып, пікірін білдірді.
Меніңше, Асхат Аймағамбетов қыруар шаруа атқарды. Өзге шаруаларын санамалап жатпай-ақ қояйық... Асекеңнің жасағандарының ішіндегі ең сүбелісі - ашықтығы. «Я начальник, ты дурак» деген большевиктік ұстанымнан ажырай қоймаған қоғамда министрдің қатардағы мұғалімдермен етене жұмыс жасауы, біздің қоғамды демократияландыруға қосқан үлкен үлесі деп айтар едім. Өзге министрлер мен әкімдер, әсіресе идеологтар бұл жөнінен Асхат Қанатұлынан үлгі алса болады.., - деп жазды ол әріптесі туралы.
Өмір Шыныбекұлының ойынша, кейбір мәселелерді шеше алмаса, оған біздің заңдардың солқылдақтығы (басқарма басшысын әкімнің тағайындауы) кедергі болған.
Аймағамбетовтің жасай алмай кеткен тағы ісі - министрлік пен оның айналасын біліксіз кадрлардан тазарта алмауы дер едім. Бірақ бұл жағдайда да Асхат Қанатұлын түсінуге болады. Министрлікте жұмыс істейтін кейбір мамандардың «көкелері» Аймағамбетовтен биікте отыруы мүмкін. Өз басым 3,5 жылдай ең шулы да, даулы саланы басқарып, үлкен мектептен өткен дәл қазіргі Асхат Аймағамбетов үшін министрдің шекпені тар деп ойлаймын. Президент Қ.Тоқаев Аймағамбетов секілді потенциалы зор кадрды орнымен пайдаланатын шығар деп үміттенемін, - пікірін ортаға салды ол.
Ал қоғам қайраткері Мұрат Әбенов экс-министр Асхат Аймағамбетовке елге жасаған қызметіне алғысын айтты.
Мемлекеттік қызметшінің жұмысын әділ бағалайтын тек халық. Асхат Аймағамбетовтей білім саласына жақсы өзгерістер әкелген министірді атау қиын-ау. Білім саласының жарты миллионнан астам қызметкерінің басым көпшілігі бұл пікірге толық қосылады деп сенемін. Әрине министрліктің басшылығынан кеткені өкінішті. Бірақ азаматтың абыройы қызмет дәрежесімен емес, халықтың сенімімен, тұлға ретінде абыройы мен жинаған беделімен өлшенеді.Жұмыс орын әлі талай рет өзгеруі мүмкін, бірақ ондай кезде шын құрметтейтін қарапайым адамдардың сенімі өзгере қоймайды. Мен Асхат Аймағамбетов әлі Қазақ елі үшін аянбай қызмет ететініне және алдағы кезеңде талай жетістікке жететініне сенемін, - деп игі тілегін жазып, Әбенов Аймағамбетовке жылы лебізін білдірді.