"Қарапайым болсаң халық өзі көтереді". Димаш Құдайберген дзюдошыға кеңесін айтты
Әлеуметтік желіде "Балқадиша" әнімен елдің ықыласына бөленген дзюдошы Бекболат Иса Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы концертінде өнер көрсетті. Исаның өзіне хабарласып, сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
– Димаш Құдайбергеннің концертінде ән айттыңыз. Осы ұсыныс қалай түсті? Өзі шақырды ма?
– Иә, өзі шақырды. Мен әлеуметтік желіде ән айтып жүрген видеом арқылы көпшіліктің көзіне түсе бастадым. Бірнеше видеом кеңінен тарап, түрлі жақтан қоңыраулар түсе бастады. Соның бірі – Димаш ағамның командасы болды. Осылайша, Димаш Құдайберген маған Алматыда өткен өзінің жеке концертіне шақырды. Бұл мен үшін үлкен құрмет әрі күтпеген тосынсый болды.
– Концерт кезінде сізге домбыра тарту етті. Домбырада ойнай аласыз ба?
– "Әу" демейтін қазақ жоқ дейді ғой. Менің де домбыраға деген сүйіспеншілігім бала кезден бар. Әкем де, анам да – өнерден алыс емес, екеуі де домбырашы. Мен де арасында шертіп-шертіп, күй тыңдап өскен баламын. Домбыра тарту – мен үшін рухани демалыс, жан тыныштығы. Бірақ мен спортты таңдаймын. Димаш ағам сыйлаған домбыра – ең қымбат естеліктерімнің бірі болып қала береді.
– Димаш Құдайбергенмен жеке сөйлесуге мүмкіндік болды ма? Ол кісі сізге қандай ақыл-кеңес айтты?
– Иә, Димаш ағамен шамамен 30 минуттай сөйлестік. Өте қарапайым, сабырлы, нағыз зиялы азамат екен. Оның айтқан сөздері маған қатты әсер етті. Шын ниетпен, шынайы тілектестігін білдірді. "Адам ең алдымен қарапайым болуы керек. Адамгершілігің мықты болса, халық сені өзі-ақ көтереді" деді. Бұл сөздер маған ата-анамның ақылын еске салды.
– Бұл кездесуден кейін сіздің өміріңізде не өзгерді?
Ең алдымен, сенімділік пайда болды. Димаш ағамен сахнада тұру – үлкен жауапкершілік әрі шабыт. Көп адам мені сол концерттен кейін де таныды. Әлеуметтік желілерде қолдау білдіріп жатқан жандар көп.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Еске сала кетейік, Алматыда өткен "D and Dears" фан-кездесуінде Атыраудан келген 14 жастағы дзюдошы әрі өнерпаз Иса Бекболат әйгілі қазақ әні "Балқадишаны" орындап, көрермендерді таңғалдырды. Аталған кеш барысында әнші Димаш Құдайберген оған домбыра тарту етті.