Қарағандының жолдарына 3 мыңнан астам белгі қойылды
Биыл Қарағанды облысының автожолдарында 3 мыңнан астам жол белгілері жаңартылады. Оның 1700-і бойынша жұмыстар аяқталды. Жоспарланған тоғыз бағдаршамның бесеуі де орнатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев жолдардағы қауіпсіздікті күшейту бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Спикердің айтуынша, Қарағандыда солтүстік-шығыс айналма жолы көлік ағынын едәуір қысқартты. "Қызылорда – Павлодар" автожолында оңтүстік-батыс айналма жол жасау жоспарлануда.
Қазір ұзындығы 158 км "Қызылорда – Павлодар" Республикалық маңызы бар жолдың ЖСҚ әзірленуде. Сондай-ақ биылғы жылы ұзындығы 195 км облыстық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесі орташа жөндеумен қамтылады. Мысалы, Қарқаралы, Баянауыл және Жартас – Долинка бағытында. Қалалар мен аудандардағы жолдардың техникалық жағдайын жақсарту үшін 394 км жөндеу жоспарланған, 177 км жолда жұмыс аяқталды, – деді Елжас Жартыбаев.
Қарағандыдан Жамбыл облысымен шекараға дейінгі автожолды қайта жаңарту жалғасуда. Оның ұзындығы 513 км мұнда жөндеу жұмыстарына байланысты жылдамдыққа шектеулер қойылды. "50", "70" белгілері қойылған. Елжас Жартыбаев Балқашқа қарай бет алған жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау керектігін еске салды.
Жөндеу жұмыстарының аяқталуы – 2024 жылдың соңына жоспарланып отыр.
Облыс орталығында Бөкетов көшесінде Күнгей бағытында автожол салу, Ғарышкерлер көшесін қайта жаңарту, Пичугин және Новоселов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жүргізушілердің назарын аудару және қарсы жолаққа шығуды болдырмау үшін облыс орталығының орталық көшелерінде сары түсті белгі қойылды. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін "Баланы қолынан ұста", "Құлаққапты шеш" және т.б. жол белгілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, биыл 618 мың шаршы метр жаңартылады. Сонымен қатар 400 метрден астам жаяу жүргіншілер қоршаулары, сондай-ақ торлы қоршаулар, қар ұстайтын қалқандар және профилактикалық билбордтар орнатылады.