Қарағандының Күнгей шағын ауданында алғашқы мектеп ашылды

Қарағандының Күнгей шағын ауданында 600 орындық білім ордасы бой көтерді. Тұрғындар бұл күнді жылдар бойы күткендіктерін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қала іргесіндегі Күнгей шағын ауданындағы алғашқы мектеп 600 оқушыға шақталған. Облыстық бюджет есебінен салынған 3 қабатты су жаңа білім ордасы Күнгейліктердің көз қуанышына айналды.

Бұл шағын аудан құрылғалы бері мұнда мектеп болмаған. Жылдар бойы балаларымыз үйден шалғайда орналасқан мектептерге автобуспен қатынап оқуға мәжбүр болды. Күз бен көктемде балалар балшыққа батып келсе, қыс айларында күн ерте батқанда қауіпсіздік тұрғысынан тіпті қиын еді. Біз бұл күнді көп күттік. Енді балаларымыз үйдің іргесіндегі мектепте білім алады. Мемлекет біздің мәселемізге бей-жай қарамай, осындай әдемі ғимарат салып берді. Ең бастысы балаларымыздың қуаныштарында шек жоқ, - дейді Күнгей тұрғыны Жұбаныш Қабылханқызы.

Жеке тұрғын үйлерде тұратын шағын ауданның халқыжылдар бойы балаларын қаладағы мектептерге тасымалдағандықтарын айтады.

 

Күнгейде 10 жылдан бері тұрып келемін. Немерелерім қаладағы №81, №104 мектептерге қатынап оқитын. Олартасуға да бір адам керек. Енді міне Күнгейімізде жаңа мектеп салынып, халыққа жағдай жасалынып жатыр. Білім ордасының салынуына мұрындық болған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа, біздің шағын ауданның атынансайланған мәслихат депутатына Күнгей халқының атынан алғысымызды білдіреміз. Мектептің құрылыс жұмыстары жылдам жүрді. Бас аяғы 1,5 жылдың көлемінде әдемі, жарық ғимарат бой көтеріп, бүгін міне ашылды. Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді. Бүгін немеремді осы мектептің 1-сыныбына әкелдім. Одан бөлек 5 немерем де осы мектепте оқитын болады. Біздің шағын аудан жыл өткен сайын көркейіп келеді. Осыдан 10 жыл бұрын көшіп келгенімізде Күнгейдің жолдарында асфальт та, көшелерде жарық та, су да жоқ болатын. Қазір міне барлығы жасалып, Күнгейге тіршілік кіре бастады, - ықшам ауданның тұрғыны Бақытхан Иманшәпікұлы.


Жаңа мектептің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкіміКүнгейліктерді білім күнімен құттықтап, оқушыларға ақ жол тіледі.

Өздеріңіз білесіздер, ҚР Президенті өз Жолдауында елімізде мектептер салу жайлы тапсырма берген болатын. Мектеп салу деген ол елдің дамуы. Бүгінде біз Қарағанды облысында екі мектеп аштық. Жалпы облыс бойынша жылдың соңына дейін 11 мектеп ашылатын болады. Күнгей шағын ауданына осы мектеп үлкен қуаныш әкелді деп санаймын. Сондықтан, шын жүректен сіздерді құттықтаймын. Жас ұрпақтың осы білім ордасында сапалы білім алып, үлкен азамат болып шығуларына тілектеспін. Мектептің маңдайшасында «Жарқын болашаққа қадам бас» деп жазылып тұруының өзі тегін емес деп ойлаймын. Балаларымызға ақ жол тілеймін!, - деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.


Күнгейдегі жаңа мектепте ұстаздық қызмет атқаратын Динара Бекенова Қарқаралы ауданынан көшіп келген.

Осы шағын ауданға көшіп келгеннен кейін бірден осы мектепке жұмысқа орналастым. 11, 7 сыныптарда оқитын екі балам да осы мектепте оқитын болады. Мектеп жаңа технологиялармен, заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бұл біздің балаларымыздың жақсы білім алуына, сондай-ақ мұғалімдердің сапалы білім беруіне мүмкіндік береді. Осы мектепте білім алған оқушылар келешекте еліміздің мықты азаматтары болады деп сенемін, - дейді Динара Бекенова.

Жалпы Қарағанды облысында биыл 17 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылында өңірде 420 мектеп жұмысын бастайды. Оларда 172 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде.

2024-2025 оқу жылы 33 аптадан тұрады, сабақ 2 қыркүйекте басталып, 23 мамырға дейін жалғасады. Қарағанды облысында оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешімін тапқан. Биылғы жылы оқулықтар мен әдістемелік кешендерді сатып алуға бюджеттен 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қажеттіліктің 100%-ын құрайды. Ата-аналарға ескерткіміз келеді, оқулықтардың барлығы тегін таратылады, - дейді Қарағанды облыстық білім беру басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гүлдана Нұрсұлтан.

Бір айта кетерлігі, биылғы оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша білім алады. Жаңа бағдарламада білім беруден бөлек тәрбиеге де көңіл бөлінбек.

Жаңа оқу жылында облыстағы барлық мектептердің бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

77 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 мыңға жуық бала «Жалпыға бірдеу білім беру» қорының есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылады, - дейді Гүлдана Нұрсұлтан.

Еске салайық, бүгін Қарағандының «Кеңдала» шағын ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2000 оқушыға арналған мектеп ашылды. Бұл мектеп Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданындағы 3 мектептің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы