15 Қазан 2026, 18:28 Фото: gov.kz

Қарағандының екі шағынауданы газға қосылуға жақын: 5 мыңнан астам үй қамтылады

«Күнгей» мен «Таугүлде» газ құбырларының 202 шақырымдық желісі тартылып жатыр. Жоба аяқталса, тұрғындар көмір жағудан бас тарта алады.

Қарағандының «Күнгей» және «Таугүл» шағынаудандарын газдандыру жұмыстары мәресіне жетіп келеді. Алтыншы іске қосу кешені аясында газ тарату желілерін тарту кестеге сай жүргізілуде. Құрылысты қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, жоба бойынша жоғары, орта және төмен қысымды газ құбырларының жалпы ұзындығы 202 шақырымды құрайды. Қазір оның 199 шақырымы тартылған. Бұл – жоспарланған жұмыстың басым бөлігі.

Жеке тұрғын үйлерді газға қосуға дайындық та қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында барлығы 5 мыңнан астам қосылу нүктесін орнату көзделген. Бүгінде соның шамамен 4 500-і дайын. Қажетті техникалық шешімдер QazaqGaz Aimaq компаниясымен келісілген, газ тарату шкафтарының да басым бөлігі әзірленген.

Тамыз айының ортасынан бастап «Күнгей» мен «Таугүл» тұрғындары газға қосылуға қажетті техникалық шарттарды ала бастады. Қазірге дейін шамамен 700 техникалық шарт берілген. Қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін QazaqGaz Aimaq компаниясына жүгіну қажет, - деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жоба аяқталғаннан кейін Қарағанды тұрғындарының басым бөлігі көмірмен жылытудан бас тартып, табиғи газға көшуге мүмкіндік алады.