21 Ақпан 2026, 17:48 Фото: pixabay.com

Қарағандылық студенттер дропперлік үшін айыппұл арқалады

Айыпталушылар ақша үшін өздерінің банк шоттарын бөгде адамдарға беріп отырған.

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданында дропперлікке кінәлі деп танылған екі студентке қатысты айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілген. Бұл бап бойынша банк шоттарына, төлем карталарына және сәйкестендіру құралдарына қолжетімділікті үшінші тұлғаларға ақшаға немесе өзге де мүліктік пайда үшін заңсыз бергені үшін жауапкершілік қарастырылған.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушылар өздерінің банк шоттарын белгілі бір ақыға бөгде адамдарға ұсынып отырған. Мұндай тәсілдер интернет-алаяқтықта ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және шығару үшін жиі қолданылады.

Сотта студенттер кінәларын толық мойындап, өкініш білдірді. Олардың әрекеті ұсынылған дәлелдер жиынтығымен расталды. Істі қарау қорытындысы бойынша сот оларға айыппұл түріндегі жаза тағайындады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қадағалау органы банк карталарын, шоттарды және жеке деректерді үшінші тұлғаларға, тіпті уақытша әрі «қосымша табыс» үшін беру де қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.