Қарағандыға қоныс аударғандарға арнайы сертификат беріледі
Қарағанды облысына қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификаттары беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысына "Оңтүстік-Солтүстік" өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы бойынша биыл бес отбасы көшіп келді. Оларға біржолғы материалдық көмектен басқа экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша өңіраралық еңбек ұтқырлығы шеңберінде сертификат иелері тұрғын үй сатып алуға, салуға немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаға материалдық көмек алады.
Облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде қоныс аудару бағдарламасын іске асыру туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мәлімдеді.
Облысқа қоныс аударушыларды ынталандыру бойынша Жол картасына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Оларға тұрғын үй сатып алғанға дейін, 12 айға дейінгі мерзімге отағасына және отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеуге ай сайын көмек көрсетіледі және 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған біржолғы материалдық көмек қарастырылған. Экономикалық ұтқырлық сертификаттары беріледі, – деді Әсем Жүніспекова.
Биыл бар-жоғы 33 адамды немесе 6 отбасын көшіру жоспарланған болатын. 1 тамыздағы жағдай бойынша облысқа 23 адамнан тұратын 5 отбасы көшіп келді. Астана мен Алматы облысынан төрт отбасы Нұра ауданына қоныстанды. Ақтоғай ауданына Алматы облысынан алты адамнан тұратын бір отбасы көшіп келді.
Еңбекке жарамды он адам тұрақты жұмыс орындарына ие болды. Қоғамдық жұмыстарға бір адам тартылып, үшеуі мал шаруашылығын ашты. Екі адам бала күтімі бойынша демалыста.
Облыс бойынша қоныс аударуға барлығы 10 квота қалады. Алтауы – Ақтоғай ауданына, төртеуі – Нұра ауданына.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қоныс аударушыларға белсенді көмек көрсетуді тапсырды.
Қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастыру керек. Ақтоғай және Нұра аудандарының әкімдері ұлттық жоба және өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушыларға квоталар бойынша көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Қоныс аударушыларды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бақылауға алыңыздар және материалдық көмек төлеуді қамтамасыз етіңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.