Қарағандыдағы ТЖ: Үш адамның мәйіті табылды
Қарағанды қаласында жарылыс болған тұрғынүйдің пәтерінен үш адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төтенше жағдай Республика даңғылы, 18/2 мекенжайында орналасқан 16-қабатты бір подъезді тұрғынүйде орын алды. Сегізінші қабатты пәтерде газ жарылып, өрт шыққан және қабатаралық жабындар бүлінген.
Оқиға орнында жүргізілген тексеру барысында үш адамның: екі ер адам мен бір әйелдің мәйіті табылды. ТЖД қызметкерлері құтқару қақпақтарының көмегімен 11 адамды құтқарды, оның ішінде екеуі – балалар, - делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарламада.
Сағат 22:55-те өрт толықтай ауыздықталды. Оқиға орнында 88 адам мен ТЖМ бөлімшелерінің 23 техника бірлігі жұмылдырылған.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ТЖ орнына барғаны белгілі болды. Аймақ басшысының айтуынша, өрт сөндіру жұмыстары аяқталған соң тұрғынүй толықтай электрмен жабдықталады.
Өрт шыққан үйдің тұрғындары үшін қонақүйден 35 орын дайындалған.