Қарағандыдағы оқыс оқиғадан кейін барлық батут жабылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Кеше қаладағы Орталық демалыс саябағында үрмелі батут төңкеріліп кетіп, оқыс оқиғаның салдарынан бір бала қаза тауып, екі бала жарақат алған болатын. Батуттың иесі қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, 25 мамыр күні сағат 16.00 шамасында орталық саябақтағы балаларға арналған үрмелі батут қатты желдің салдарынан төңкеріліп кеткен.

Қоғамда резонанс тудырып, қарағандылықтарды дүрліктірген жағдайдан кейін қаладағы барлық батуттардың жұмысы тоқтатылды. Бүгін Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров жедел жиналыс өткізіп, өкілетті органдарға бірқатар тапсырма берді. Әкім үрмелі аттракциондардың қызметін тоқтатып, сондай-ақ Орталық демалыс саябағындағы барлық аттракционның қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуін тексеруді тапсырды.

«Құрметі Қарағанды қаласының тұрғындары батуттарды орнату фактісін көрсеңіздер, полицияға xабар беруіңізді сұраймыз. Сондай-ақ, барлық ата-аналарды ойын-сауық орындарына барғанда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз», - деп xабарлады Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Полиция департаменті бір баланың өліміне, тағы екі баланың жарақаттануына себепкер болған батуттың иесі қамауға алынып, уақытша тергеу изоляторына қамалғандығын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ел чемпионаты аяқталды
Өзгелердің жаңалығы