Қарағандыдағы Оқушылар сарайында тегін кәсіптік бағдар үйірмелері ашылды

№ 2 Қарағанды Оқушылар сарайында жоғары сынып оқушыларына арналған тегін кәсіптік бағдар беру үйірмелері жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Олар криминалистика, бағдарламалау және жалпы хирургия негіздерін үйрене алады.

Кәсіптік бағдар беру сабақтары Қарағандыдағы екі жетекші университеттің базасында өтеді. № 2 оқушылар сарайы техникалық және медициналық университеттермен келісімге келді.

Кәсіптік бағдарлау үйірмелері – жоғары сынып оқушыларына белгілі бір мамандық туралы кеңейтілген түсінік алуға тамаша мүмкіндік. Мысалы, Қарағанды техникалық университетінің базасында олар "Бағдарламалау", "Сәулет және дизайн", "Қазіргі әлемдегі пилотсыз көлік" сияқты бағыттарды зерттей алады. Ал Қарағанды медициналық университетінде "Жас криминалист", "Жалпы хирургия", "Стоматология негіздері" үйірмелерінде айналысады. Оқытуды ЖОО педагогтары екі тілде жүргізеді, - деді № 2 Оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова.

Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап № 2 Оқушылар сарайында "Шамшырақ" ерте даму кешені іске қосылды. Бүгінгі таңда онда 5–6 жастағы балаларға арналған 10 топ жұмыс істейді.

Біздің мақсатымыз – қосымша білім беруді ұйымдастыру процесінде әр баланың шығармашылық қабілеттерін ояту, қоршаған ортаға тез бейімделуге, жан-жақты ерте дамуға ықпал ету. Балалар бізбен аптасына екі рет 2–3 сағат айналысады. Олар тек жазуды ғана емес, сонымен қатар мүсіндеуді, сурет салуды, билеуді, ән айтуды, оқуды үйренеді, нейрогимнастикамен айналысады, деп атап өтті Шариза Алтынбекова.

№ 2 Оқушылар сарайында 5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған түрлі бағыттар бойынша барлығы 76 тегін үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерге e-daryn.kz электронды платформа арқылы жазылуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы