Қарағандыдағы Абай ауданында күрес орталығы ашылды
Абай ауданында жөндеуден кейін қазақ күресі, самбо және грек-рим күресімен айналысатын орталық ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңартылған залда жүзге жуық болашақ чемпион жаттығады.
Күрес орталығы ауыл шаруашылығы бөлімінің ғимаратында орналасқан және 600 шаршы метрден асады. Жазда орталықтың екі залында терезе, есік, еден, жылыту жүйесі ауыстырылды. Қабырғалар мен төбелерді сылап, сырлап, желдетуді ретке келтірді.
Бұрын біз спорт кешеніндегі шағын залда жаттығатынбыз. Онда жарыстар өткізу ыңғайсыз болды. Биыл бізге ауыл шаруашылығы бөлімінің ғимаратында екі зал бөлінді. Қазірдің өзінде жаттығулар басталып кетті. Біздің тәрбиеленушілер өте қабілетті. Бізді көптеген жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Менде үш топ бар – шамамен 60 адам. Балалар тегін жаттығады, – деді орталықтың жаттықтырушысы Иса Орал.
Орталықтың тәрбиеленушілері де кең залдар мен жаңа татамилерге оң бағасын беріп, қуанып жатыр. Он бір жасар Ерасыл Молдахмет қазақ күресімен айналысады. Ол аудандық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және 20-дан астам медальға ие. Жас спортшы Олимпиада чемпионы болуды армандайды.
Бұрын зал кішкентай болатын. Қазір бәрі керемет. Мен бір жарым жыл қазақ күресімен айналысамын. Маған бұл спорт өте ұнайды. Менің үлгі тұтар адамдарым – Қажымұқан мен Елдос Сметов. Болашақта мен де олардың биік дәрежелеріне жеткім келеді. Ол үшін мен бір де бір жаттығуды жібермеймін, тырысамын. Спортта барлығы мені Қарабура деп атайды, – деп бөлісті оқушы.