Қарағандыда жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 300-ден астам дерек тіркелген
Полиция мәліметінше, арнайы call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Жүйе күніне шамамен 3000 күмәнді қоңырауды тіркеп, оның орта есеппен 2800-ін алаяқтық әрекет ретінде анықтап, бұғаттайды.
Қарағанды қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кең көлемді профилактикалық акция ұйымдастырылды. Іс-шара 16 мамыр күні қаладағы ірі сауда орталықтары мен халық көп шоғырланатын орындарда өтті.
Акцияға полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері, қоғамдық белсенділер, блогерлер мен еріктілер қатысып, тұрғындарға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан сақтану жолдарын түсіндірді. Азаматтарға күмәнді қоңырауларға сенбеу, онлайн несие рәсімдемеу, фишингтік сілтемелерге өтпеу және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу туралы ескертулер жасалды.
Полиция мәліметінше, арнайы call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Жүйе күніне шамамен 3000 күмәнді қоңырауды тіркеп, оның орта есеппен 2800-ін алаяқтық әрекет ретінде анықтап, бұғаттайды.
Жыл басынан бері қалада интернет-алаяқтыққа қатысты 300-ден астам дерек тіркелген. Сондай-ақ жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде пәтер жалдау сылтауымен азаматтарды алдаған күдікті ұсталып, бірнеше эпизод бойынша тергеу жүргізілуде.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды интернет арқылы мәміле жасау кезінде барынша сақ болуға шақырып, күмәнді жағдайларда «102» нөміріне жүгінуді ескертеді.