Қарағандыда жоқ пәтерді жалға беріп, студенттерден 2,2 млн теңге алған әйел ұсталды
Қарағандыда студенттерге арзан баспана ұсынып, ақшасын иемденген 31 жастағы әйел ұсталды.
Күдікті әлеуметтік желілерде шын мәнінде жоқ пәтерлерді жалға беру туралы хабарландыру жариялап, жәбірленушілерден алдын ала төлем алып отырған. Алаяқтық схемасы тамыз айында іске қосылған. Әлеуметтік желілерде студенттерге тиімді бағада пәтер жалға берілетіні туралы хабарландырулар жарияланған. Жарнамадағы пәтерлердің фотосуреттері интернеттегі ашық дереккөздерден алынған.
Арзан баспана іздеген жастар хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласып, пәтерді жалға алу үшін алдын ала төлем жасаған. Алайда ақша аударылғаннан кейін әйел байланысқа шығуын тоқтатқан.
Ал уәде етілген пәтерлердің шын мәнінде болмағаны анықталған. Бірнеше жәбірленушінің полицияға шағымдануынан кейін жедел қызметкерлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.
Тергеу барысында алаяқтықтың 10 дерегі дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2,2 миллион теңгеден асты. Барлығы – арзан баспана іздеген студенттер. Қазіргі уақытта полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр. Сондықтан жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Полиция әлеуметтік желілердегі жылжымайтын мүлік туралы хабарландыруларға сақтықпен қарауға, баспана үшін алдын ала төлем жасамас бұрын оның нақты бар-жоғын тексеруге шақырады. Күдіктіге қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның кінәсі сотта дәлелденгенге дейін заң бойынша кінәсіз деп есептеледі.