23 Ақпан 2026, 04:27 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қарағандыда жолаушылар тасымалы қатаң бақылауға алынды

Полиция азаматтарды тек заңды, қауіпсіз және тексерілген тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға шақырады.

Қарағанды облысы аумағында жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіпті нығайту мақсатында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

21-24 ақпан аралығында ұйымдастырылған рейдтердің негізгі мақсаты – жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша патрульдік полиция батальонының қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда 127 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Тексеру барысында тасымалдаушылардың жол қозғалысы қағидаларын сақтау деңгейі, көлік құралдарының техникалық жағдайы және қажетті құжаттардың болуы жан-жақты сараланды. Ең жиі кездескен құқықбұзушылықтар:

  • заңсыз жолаушылар тасымалдау;
  • жолаушылар мен багажды тасымалдау талаптарын бұзу;
  • техникалық ақауы бар көлік пайдалану;
  • көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану;
  • қауіпсіздік белдігін тақпау;
  • қарсы бағытқа шығу және тиісті құжатсыз көлік басқару.

Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың хабарлауынша, бақылау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуда. Кейбір көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері алынып, бірнеше автокөлік айып тұрағына қойылды.

Полиция азаматтарды тек заңды, қауіпсіз және тексерілген тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға шақырады. Жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіп пен қауіпсіздік – құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында.