Қарағандыда жолақы қымбаттауы мүмкін

Кеншілер шаһарының орталығында соңғы 10 жылда қоғамдық көліктердегі жолақы құны өзгерген жоқ, деп жазады BAQ,KZ тілшісі.

Бүгінде Қарағандының автобустарында жолаушылар электронды төлем жүйесі арқылы қолмақол ақшасыз 80 теңге, ал қолмақол ақшамен 150 теңге төлейді. Жолақы қымбаттайтын болса жолаушылар қолмақол ақшасыз 100 теңге, қолмақол ақшамен 200 теңге төлейтін болады.

Қазіргі уақытта Қарағандыда жолаушылар тасымалымен 7 автопарк айналысады. Күн сайын жолға 420 автобус шығып, 220-250 мың адам тасымалданады.

Қала әкімдігі мен жолаушылар тасымалдаушы автопарк иелері бір ауыздан жолақыны көтеру уақыт талабы екендігін айтады.

Қазіргі жолақы құны осыдан 10 жыл бұрын бекітілген. Одан бері жанар-жағармайдың, автобус дөңгелектерінің бағасы көтерілді, жүргізушілердің жалақысы өсті. Осы және басқа да шығындарға байланысты қаладағы жолақы құнын көтеру қажет. Сондай-ақ, жүргізушілердің жалақысы әлі де көтеруді талап етеді, себебі жүргізушілердің тапшылығы қатты сезіледі. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы мемлекет тарапына субсидияланғандықтан бюджетке ауырлық түсіп отыр. Жыл сайын автопарктердің шығыны өсіп отыр, сәйкесінше субсидия да артып келеді. Егер де жолақы құны 20 теңгеге көтерілетін болса, жыл сайын бюжет қаражатын 1,5 миллиард теңгеге үнемдеу мүмкін болады, - дейді Қарағанды қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Кокушев.

2014 жылы Қарағандыда жолақы құны 80 теңге деп бекітілген уақытта жанар-жағармай құны 102 теңге болса, қазір дизельді отынның құны 300 теңгеге жуықтап қалды.

Қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жолаушылар тасымалындағы жолақыны өсіру қажет. Көптеген қалада баға көтерілді. Коммуналдық қызметтердің тарифі, балалар бақшасының ақшасы да уақыт талабына сай өсті. Жолаушылар тасымалының құнын өсіру де дәл солай, уақыт талабы.10 жыл бойы қоғамдық көліктегі тариф көтерілген жоқ. Ол кезде дизельдік отынның құны 102 теңге болса, қазір 295 теңге, - дейді Қарағанды облысы жолаушылар көлігі қауымдастығының өкілі Ильзат Шуматов.

Билік өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары қаладағы жолаушылар тасымалындағы автобустар құрамын жаңарту бойынша ауқымды шаралар жүргізілген. Автопарктердің жеке қаражатының есебінен 320 автобус сатып алынған. Қалада ONAY электронды төлем жүйесі енгізіліп, нәтижесінде жолаушылар ағынын нақты болжау мүмкін болды. Қала ішіндегі маршруттар оңтайландырылып, тасымалдаушылар "жоспарлы кіріс" түсінігін алып тастады, жолаушылар үшін жарыс тоқтады, жүргізушілер тек кесте бойынша жүреді. Қазіргі уақытта қала бойынша жолақыны ONAY электронды төлем жүйесі арқылы қолмақол ақшасыз төлеу 97 пайыз болды.

Жолдағы автобустар саны 320-дан 420-ға артты. №65 автобус маршруты қалпына келтірілді, Күнгей ықшам ауданында №20 маршрут іске қосылды, №16 автобустың қозғалысы оңтайландырылды, Жұмысшылар, Сұрыптау елдімекендерінде автобус жүре бастады, Камская және Резник көшелерінде де жаңа маршрут іске қосылды. Ақтас, Үштөбе және Көкпекті сияқты қала маңындағы елдімекендерге қатынайтын маршруттарды көбейттік. Үлкен Михайловка ауданына маршрут іске қостық, - дейді Ержан Кокушев.

Оның айтуынша, тұрғындардан автобустар 00.00-ге дейін жүрсе деген ұсыныс айтылып жатыр. Алайда автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі салдарынан бұл ұсыныстарды қанағаттандыру мүмкін болмай отыр. Дегенмен Майқұдық, Пришахтинск бағыттары бойынша кешкі рейстердің уақыты ұзартылған.

Біз түнгі 00.00-ге дейін қоғамдық көлікпен үйге жеткіміз келеді, жаңа, ыңғайлы, экологиялық таза автобустарға мінгіміз келеді, қызмет көрсету сапасының жоғары болғандығын қалаймыз. Бұның барлығы тарифпен тікелей байланысты. Біз субсидия мөлшерін азайтып, тарифті бұрынғы қалпында қалдыра аламыз. Алайда біз ескі автобустармен қатынайтын боламыз, тасымалдау құрамын да жаңарта алмаймыз. Кестелер қысқартылып, автобустардағы жолаушылар көбейіп, олар бір-бірін қайтадан итермелейтін болады. Қай жерден бастадық соған қайтып ораламыз. Тарифті үнемі ұстап тұру жолаушылар тасымалының сапасына кері әсер етеді, - деді бөлім басшысы.

Қаладағы ең ірі №3 автопарктің директоры Артур Григорянның айтуынша, 2023 жылы автопарктің кірісі 4,6 млрд теңге болса, шығындар 15 млрд теңгеге жеткен. Автопарк субсидия есебінен ғана шығынға ұшырамай жұмыс істеп тұр.

Қалада жаңа тариф енгізелетін болса, жолаушылар қолмақол ақшасыз, электронды төлем жүйесі арқылы 100 теңге, ал қолмақол ақшамен 200 теңге төлейтін болады.

Қазір уақытта қолмақол ақшасыз жолақы құны Алматы мен Қостанайда 100 теңге, Астанада 90 теңге, ал Шымкентте 70 теңге. Жыл басында Павлодарда да жолақы 20 теңгеге қымбаттап, 100 теңге болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы