Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейханов аудандық сотында жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Еске салайық, Қарағандыда 26 қаңтар күні Нұрболат Дакебаев есімді азамат кезекшіліктегі жедел жәрдем жүргізушісіне күш көрсетіп, соққыға жыққан. Оған жедел жәрдем жүргізушісінің жол бермегені ұнамаған. Жүргізушінің бетіне және денесіне бірнеше соққы жасаған күдікті ізінше жасырынып үлгерген. Болған оқиғаны медицина қызметкерлері ұялы телефонға түсірген. Әлеуметтік желі арқылы тез таралып, резонанс тудырған видеодан соң, бірнеше күннен кейін полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаған.

Қылмыстық істі сот Бахтияр Ақанов жүргізіп жатыр. 

Бүгінгі сот отырысына 4 куәгер қатысып жатыр. Жәбірленушінің өзі бүгінгі сот отырысына қатысып отырған жоқ, - деп мәлімдеді сот Б.Ақанов.

Жәбірленушінің адвокаты Багдад Хасеновтың айтуынша, соққы алған азамат ота жасатуына байланысты бүгінгі сот отырсына қатыса алмады.

Күдіктіге қатысты іс Қылмыстық кодексінің 293 бабы, 1 тармағы “Бұзақылық” бабымен жүргізіліп жатыр.

Аталған бап бойынша 2 мың АЕК-ке (7 386 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы