Қарағандыда жедел жәрдем көліктеріне бейнебақылау камералары орнатылуда

Қарағанды облысында 80 жедел жәрдем көлігіне бейнебақылау камералары орнатылады. Бұл жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бейнебақылау жүйесі жедел басқару орталығымен және жедел жәрдем диспетчерлік қызметімен байланыстырылған. Бұл жайында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Камералар Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай, Балқаш қалалары мен аудандарда қатынайтын 80 жедел жәрдем көлігіне орнатылмақ.

Естеріңізде болса осыдан біраз уақыт бұрын қаламызда жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалып, бұл жағдай қоғамда дүрбелең туғызған еді. Осы жайтқа байланысты жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырған болатынмын, - деді облыс әкімі Е.Бөлекпаев.

Жедел жәрдем көліктерінің ішінде және айналасында болып жатқан жағдайларды түсіріп тұратын бейнекамералар 30 автокөлікте орнатылған. Ай соңына дейін бейнебақылау жабдықтары қалған автокөліктерге орнатылмақ.

Аймақ басшысының сөзінше, бұл шаралар жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырып, сондай-ақ оларға қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек.

Еске салайық, 26 қаңтарда Қарағандыда кезекшіліктегі жедел жәрдем жүргізушісін бейтаныс адам соққыға жыққан болатын. Болған оқиғаны медицина қызметкерлері камераға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан. Қоғамда резонанс тудырған оқиғаға байланысты қылмыстық іс Қарағандының Ә.Бөкейханов атындағы аудандық сотында қаралып жатыр. 

Оқиғадан кейін соққыға жығылған жүргізушінің мұрнына екі рет ота жасалған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы