Қарағандыда жасанды интеллект емделушілердің өтінішін қабылдай бастады
Қарағандыдағы №3 көпсалалы ауруханада емделушілердің өтініштерін қабылдау процесіне жасанды интеллект жүйесі енгізілді. Енді науқастар осы жүйе арқылы қабылдауға жазылып, дәрігерлік кеңес пен анықтама ала алады, сондай-ақ шағым немесе пікір қалдыру мүмкіндігіне ие, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа технология аурухана мамандарының жұмыс жүктемесін азайтып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің жеделдігін айтарлықтай арттырған. Биыл ғана медициналық мекеменің Call-орталығына 12 мыңға жуық өтініш түскен, ал өтініштерді қарастыру жылдамдығы үш есеге артқаны атап өтілді.
ЖИ көмегімен пациентпен сөйлесу мәтіні автоматты түрде жазылады, ал түскен өтініштер мазмұнына қарай жедел түрде жіктеледі. Бұл басшылыққа жүйелі талдау жасап, проблемалық бағыттарды анықтауға және басқару шешімдерін тиімді қабылдауға мүмкіндік береді.
Он екі мың өтініштің барлығына жауап берілді. Бұл деректер мекеме басшылығына және өңірлік Денсаулық сақтау басқармасына талдау жасауға негіз береді. Егер қандай да бір мәселеге ерекше назар аудару қажет болса, өтініштер санының көптігіне қарай сол бағытта жұмысты күшейтіп, қосымша маман тартуға немесе кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді, - деді жобаны әзірлеген IT компанияның бас директоры Арман Дүйсенбинов.