Қарағандыда жаңа асфальтты жаңбыр шайып кеткен
Қарағанды көшелерінің біріндегі автожолдың жағдайы көлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудыруда. Жаңадан салынған асфальтты жаңбыр шайып, орны үңірейіп, шұңқыр болып қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылы Қарағандының Сатыбалды көшесіндегі автожолдың бойында жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жолдың асфальт жабындысы алынған. Жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталғанна кейін көлік жолы қалпына келтірілмеген.
Бұл жерде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құбырлар салынып, жөндеу аяқталғанан кейін мердігер компания жолды сапасыз жөндеген. Қатты жауған жауыннан кейін асфальтты бірден су шайып кетті. Осының салдарынан дәл жолдың үстінде үлкен шұңқыр пайда болды. Бұл жерді жақсы білмейтін автожүргізушілер жылдамдықпен өткен кезде көліктеріне залал тигізіп жатыр. Тиісті органдардан осы мәселені шешуді сұраймыз, - дейді қала тұрғыны Азамат Абат.
Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметі бойынша аталған жол учаскесінде 30-шағын ауданның білім нысандарын жылу жүйесіне қосу үшін жылу құбырлары тартылған. Жылу құбырларын «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС салған.
Сатыбалды көшесіндегі жол учаскесінде апатты жағдайларды болдырмау үшін шұңқырға қиыршық тас төселген. Кепілді мерзімнің аясында мердігер компания жолды толық қалпына келтіру, асфальтты бетон қабатын салу жұмыстарын 15-20 мамыр аралығында орындайтын болады. Бұған дейін ауа райы жағдайына байланысты жолға асфальт төсеу мүмкін болмады. Олқылықтарды болдырмау үшін асфальт ауа райы қолайлы уақытта төселеді, - деп хабарлады басқарма.
Еске салайық, Қарағандыда жолдарындағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі қарағандылықтарды сабырлық пен шыдамдылық танытуға шақырды.