Қарағандыда Ұлттық спорт күніне орай көкпар ұйымдастырылды

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Ұлттық спорт күніне орай қаланың атшабар алаңында командалық көкпардан ардагерлер арасында және үздік 200 шабандоз қатысқан Жаппай көкпар сайысы ұйымдастырылды. Дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құрады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

20 наурыз Ұлттық спорт күнінде Қарағандының Қ.Тәттімбет көшесінің бойындағы «Baspana» ТК мен Күнгей шағын ауданының арасындағы алаңда жүздеген көрермен жиналып, көкпар маусымын ресми түрде ашты. Қарағандылықтардың делебесін қоздырған көкпар додасы алдымен 40 жастан жоғары ардагер шабандоздар арасындағы сайыспен басталды. Ақтоғай, Шет, Бұқар жырау, Абай аудандарынан және Қарағандыға іргелес жатқан Саран, Шахтинск, Абай қалаларынан келген ардагерлерден құралған командалар қала әкімінің кубыгы үшін бақ сынасты. Жүлде қорына 500 мың теңге тігілген сайыс барынша тартысты өтті.

40 жастан жоғары ардагер шабандоз арасындағы дүбірлі дода Жаппай көкпар турниріне ұласып, мұнда бірінен-бірі өткен 200 шабандоз салым қоры 1 миллион теңгені өзара сарапқа салды.

Жаппай көкпардың жүлде қоры – 1 млн теңге. Мұнда алғашқы он салымға 20 мың теңгеден үлестіріліп, одан кейін баға 50 мың теңгеге көтеріледі. Үздік шыққан палуандарға қалған 300 мың теңге үлестірілді. Айта кету керек, ҚР Жаппай көкпар федерациясының президенті Ғани Дирмановтың атынан палуандарға үш белбеу арнайы берілді, - дейді Облыстық ұлттық және ат спорты түрлері федерациясының президенті Нұржан Шайхин.

Көкпар сайысы өткен алаңда көрермендер арналып киіз үй құрылып, ыстық тағам әзірленіп, жәрмеңке ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы