Қарағандыда стартаперлерге арналған тегін бағдарлама іске қосылады
Қарағандыда бизнесін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған «Инкубатор» тегін білім беру бағдарламасы іске қосылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның қатысушылары бизнесті жүргізу үшін қажетті білім алып қана қоймай, стартапты дамыту грантын ұтып ала алады.
Бағдарламаны Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының қолдауымен «Террикон алқабы» IT-жобасы іске асырады. Ол 21 қаңтарда басталып, он аптаға – 31 наурызға дейін созылады. Тәжірибелі кәсіпкерлер, әзірлеушілер мен маркетологтар өз білімдерімен бөліседі. Сарапшылар топтық воркшоптар мен жеке консультациялар өткізеді. Бағдарлама трекерлері командаларға жобалардың тақырыбы мен бейінін ескере отырып, мемлекеттік субсидиялар мен инвесторларды тарту туралы айтып береді.
«Инкубатордың» қорытындысы бойынша стартаперлер жоба аясында қаржылық модель мен процестерді құруды үйренеді, дайын бизнес-модель әзірлейді және болашақ серіктестерге ұсыныс дайындайды. Оқу соңында командалар өз жобаларын әлеуетті инвесторларға таныстырады. Жалпы жүлде қоры – 1,2 млн теңге. Үздік үш жоба 400 мың теңгеден грант алады.
Қатысушыларды тіркеу келесі сілтеме бойынша жүргізіледі: https://terricon.kz/kz/incubator.
Өтініш беру мерзімі – 21 қаңтар.
IТ-hub «Террикон алқабы» Қарағанды қаласы, Алалыкин көшесі, 12 мекенжайында орналасқан.