Қарағандыда спорт алаңдары жаппай тексеріледі

Ермағанбет Бөлекпаев ойын және спорт алаңдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев коммуналдық қызметтерге балалар мен спорт алаңдарының жағдайын тексеруді тапсырды. Аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте оқшауланбаған сымдар, жерден шығып тұрған арматура және ата-аналардың басқа да шағымдарын ортаға салды.

Маған әлеуметтік желілерде тұрғындар жерден үшкір темірлер шығып, оқшауланбаған сымдар жатқан, құрылымдар дұрыс орнатылмаған деп жазады. Жедел әрекет ету және дереу түзету қажет. Проблемалар қайғылы жайттарға әкеп соққанын күтпеңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ өңір басшысы құдықтардың барлық қақпақтарын тексеріп, ата-аналармен ойын алаңдарын дұрыс пайдалану және терезелерге шектеулер қою қажеттілігі туралы профилактикалық әңгімелер жүргізуді тапсырды.

Бұл жұмысты ұйымдастыру керек. Бір-бірлеріңізге сілтей салып, қағазбастылыққа берілмей, қысқа мерзімде бұзушылықтарды жойыңыздар!, – деп атап өтті облыс әкімі.

Еске салсақ, Астанада тамыздың басында үстіне футбол қақпасы құлаған бала тіл тартпай кеткен еді. Осыған қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тек Астананың ғана емес, еліміз бойынша барлық мектептің спорт алаңдары мен құрал-жабдықтары тексерілетінін мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы