Қарағандыда қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан полицейді еске алды

Қазақстан Республикасы полиция күніне орай №36 мекемеде қызмет барысында қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Жансерік Қашымбеков еске алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Балқаш қаласындағы АК-159/21 мекемесінде 2011 жылы 11 шілдеде төтенше жағдай орын алды. Мекемеде жазасын өтеуші 12 қылмыскер 01 сағат 30 минутта бекет сақшысына шабуыл жасады. 

Сондай-ақ, қарулы қылмыскерлерге жалғыз өзі тосқауыл жасаған мекеменің бақылау бөлімінің қызметкері, юстиция сержанты Жансерік Қашымбековтің денесіне көптеген пышақ жарақатын салған. 

Оқиға орнына бірден жеткен кезекші қызмет жасағы қылмыскерлердің мекемеден қашуына жол бермеді. Алайда, денесіндегі пышақ жарақаттарының салдарынан юстиция сержанты Ж.Қашымбеков қаза тапты. 

ҚР полиция күні қарсаңында ерлігі ел есінде мәңгіге қалған бейбіт күннің батырларын еске алсақ дейміз. Осындай қаһарманның бірі Жансерік Қашымбеков. Балқаш қаласындағы АК-159/21 мекемесінде 2011 жылы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Жансерік бар болғаны 23 жаста еді. Жансеріктің ең алғаш жұмысқа тұруға келген кезі әлі есімде. Ол жап-жас еді. Армандары мен жоспарлары, тың идеялары көп болатын. Оның өмірі ерте қиылды. Жансеріктің қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығын ешқашан ұмытпаймыз, - дейді Қарағанды және Ұлытау облысы қылмыстық атқару жүйесі Департаменті №36 мекемесінің тәрбие бөлімінің басшысы, юстиция майоры Гүлбахыт Дауылбаева.

Жансерік Қуанышбекұлы қаза тапқаннан кейін қызмет барысында көрсеткен ерлігі үшін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Полиция күні қарсаңында №36 мекемеде жазасын өтеушілер батырдың бейнесін қағазға түсіріп, еске алды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы