Қарағандыда қоғамдық қорғаушы тергеу изоляторына тыйым салынған затты кіргізбек болған
Қарағанды облысындағы №61 тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды кіргізбек болғандардың әрекеті әшкереленіп, жолы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері түзету, тергеу мекемелерінде пайдалануға тыйым салынған заттарды табуға және тәркіленуге бағытталған іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді.
№61 тергеу изоляторында ҚР Қылмыстық Кодексінің 99 бабы, 2 бөлімі бойынша айыпталушымен кездесуге келген қоғамдық қорғаушы Ш. есімді азаматша тыйым салынған «снюс» затын, яғни еріннің астына аз мөлшерде салу арқылы қолданылатын насвай есірткі затын сол жақ аяқ киімінің ішіне салып кіргізбек болған. Сондай-ақ, аталған мекеменің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері сәлемдемелер мен бандерольдерді тексеру кезінде сотталған А. есімді азаматқа қолдануға тыйым салынған «WAKA» және «ELF BAR» 20 дана электрондық темекілерді анықталып, тәркіленді. Сәлемдемені Теміртау қаласында тұратын азаматша Е. Есімді азаматша жібермек болған, - дейді №61 мекеме бастығының орынбасары, әділет полковнигі Есімжан Әрінұлы.
Қарағанды облысының прокурорымен бірлесіп аталған азаматшалардың әрекеті тоқтатылды.
№61 мекеме бастығының орынбасары әділет полковнигі Есімжан Әрінұлының сөзінше, осы құқық бұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша жауапкершілік көзделген, яғни тыйым салынған заттарды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдарға жасырын немесе кез келген тәсілмен беру әрекеті жазалауға әкеп соғады.