Бүгiн 2026, 14:30 Фото: Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі

Қарағандыда полицейлер көшеде есінен танып қалған бойжеткенді құтқарды

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты анықтаудан басқа, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созады.

Қарағанды облысында «Кеншілер» мәдениет үйі аялдамасы маңын патрульдеп жүрген полиция қызметкерлері көпшілік ішінде өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған қызды байқап, оған көмек көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Полиция қызметкерлері бойжеткенге дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жедел жәрдемді күтіп уақыт жоғалтпау үшін оны полиция көлігімен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізген. Қазіргі уақытта бойжеткен дәрігерлердің бақылауында, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Біздің басты ұстанымымыз - жазалау емес, алдын алу және көмек көрсету. Әрбір полиция қызметкері күнделікті нұсқамада тек құқық бұзушылықты анықтауға ғана емес, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созуға дайын болуы керектігін жақсы біледі, - дейді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов.

Оның айтуынша, сондай-ақ күнделікті нұсқамаларда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады.

 

Атап айтқанда, мас күйінде көлік басқару, жалған мемлекеттік нөмір белгілерін пайдалану және жолдағы өзге де қауіпті әрекеттер қатаң бақылауда.

Рейдтік іс-шаралар барысында Балқаш қаласында жалған нөмір тағылған Nissan автокөлігін басқару дерегі анықталып, тоқтатылды. 32 жастағы жүргізушіден қолдан жасалған пышақ тәркіленіп, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Volkswagen Passat көлігінің 22 жастағы жүргізушісі көлігіне қызыл және көк түсті жарық құрылғыларын заңсыз орнатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды, - дейді құқық қорғаушылар. 

ПД баспасөз қызметі мәлім еткендей, өңірде күн сайын шамамен 2000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіледі. Тек соңғы бір тәуліктің өзінде: мас күйінде көлік басқарған 2 жүргізуші; көлік жүргізу құқығынан айырылған 5 адам; жалған нөмір пайдаланудың 5 дерегі; қарсы жолаққа шығудың 7 фактісі анықталды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы жантүршігерлік апатқа қатысы бар ZEEKR иесі ауруханадан тергеу изоляторына жеткізілгені хабарланды.