Қарағандыда «Музей түні-2022» шарасы өтті
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 18 мамыр күні Халықаралық музейлер күніне орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ғасырға қадам-«MUSEUM-90» атты «Музей түні-2022» акциясы өтті.
Елімізде 2006 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан түнгі акция биыл да өз жалғасын тапты. Алғаш рет Алматы қаласынан басталған «Музей түні» Қарағандыда 10 жылдан артық уақыт бойы өтіп келеді. Биылғы шара мұражайдың 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осы орайда мекеме басшысы Ержан Нұрмағанбетов сөз алып қонақтарды Халықаралық музей күнімен құттықтады.
Біз бүгін 90 жылдық мерейтойымыздың қарсаңында сіздерді қайта көргенімізге қуаныштымыз. «Музей түні-2022» акциясы бізге мұражай жұмысын толық таныстырып, қонақтарымызбен мәдени-интелектуальды уақыт өткізуге үлкен мүмкіндік береді! Мәдени құндылықтарды бағалайтын, жақсы көретін көрермендеріміз үшін біздің есік әрқашан ашық. Бүгінгі шара баршаңыздың көңілдеріңізден шығады деген үміттеміз!, - деді Ержан Нұрланұлы.
Ашылғанына 90 жыл болған мұражайдың биылғы акциясы әдеттегіше ән-бимен басталды. Мерекелік көңіл-күйге бөленген көрермен ары қарай акция бағдарламасымен танысып, мұражайды аралауға кірісті. Екі қабатты мұражай ғимаратының әр залына арнайы көрмелер қойылып, «Жанданған тарих» театрландырылған экскурсиясы өнер көрсетті.
Көрермен акция барысында: «Жәдігерлер шеруі» тарихи-тұрмыстық коллекциясын, «Неге» ғылыми ойын-сауық балалар алаңын, самаурындар жинағын және ретро-көліктер көрмесін тамашалады.
Музей түніне келген қонақтар көрмеден бөлек: «Білім алғырлары», «Ғарышқа саяхат» квест ойындары мен «Сакралды Сарыарқа» зияткерлік өлкетану викторинасына, «Тарихи лото» ұтыс ойынына қатысты. Әр сайыс сайын дұрыс жауап берген қатысушылар банкнот купондар ұтып, кеш соңында ұйымдастырылатын бағалы заттар аукционына қатысуға мүмкіндік алды.
Шығармашылыққа қызығушылығы бар көрермен аквагрим және қынамен сурет салу залында шеберлерден сабақ алып, өздерін суретші ретінде сынап көрді.
Сонымен қатар «Түркі жазбалары» алаңында «Көшпелі өркениет мұрасы» халықаралық Қоғамдық қоры маманы келушілерге түркі жазуы бойынша шеберлік сабағын өткізіп, көне жазудың тарихымен таныстырды. Қызығушылық танытқан қонақтар өз есімдерін көне түркі жазуымен жазып көріп, маманға тексертіп жатты.
Кеште бағалы заттар аукционынан бөлек, «Шебер-фест» сәндік-қолданбалы өнердің шеберлік сабақтары мен қолдан жасалған бұйым, кәдесыйлардың көрме-сатылымы өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға мұражай алаңында «Музей кафесі» қызмет көрсетті.
90 жылдық тарихы бар мұражай бүгін қала тұрғындарына өзін жаңа қырынан танытты. Музей түніне қатысқан қонақтар қатарында студент жастар, орта буынмен қатар әжелеріміздің жүргені көңіл қуантады. Осындай мәдени- интелектуальды шараларға көрерменнің көптеп келуі ел мәдениетінің жаңа белеске көтерілгенінің айқын дәлелі деуге болады.