Қарағандыда концерт залы қашан салынатыны белгісіз
Қарағандыда өнер сүйетін көрермендерге арналған үлкен концерт залы жоқ. Алдағы жылдары қалада концерт залы бой көтере ме, жоқ па белгісіз, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қарағандыда үлкен концерт залының жоқтығынан, қарағандылық өнерпаздар мен қалаға гастролдік сапармен келген әншілер Цирк ғимаратында өнер көрсетуге мәжбүр.
8 наурыз мерекесіне орай қала тұрғындарына МұзАрт ансамблі концерт қойды. Концерт қайда болды дейсіз ғой, циркте! МұзАрттың үш жігіті үш жаққа қарап тұрып, әндерін айтып шықты. Бізде әрдайым осылай, қалаға келген өнерпаздардың көпшілігі үлкен мәдениет ордасының жоқтығынан циркте өнер көрсетуге мәжбүр. Қарағандының білдей бір филармониясы ана жерді, мына жерді бір паналап жүр. Қарағандының өнерпаздары да, халқы бір концерт залына зар болып жүрміз. Себебі цирк ғимараты, қаладағы басқа да мәдениет үйлері аз адамға шақталып салынған, - деп наразылығын білдірді зейнеткер Нұрлығайша Әбенова.
Қарағандыда концерт залы қашан пайда болатыны әлі белгісіз. Қарағанды облысы әкімінің айтуынша, өнер ордасының жобасы бар, салынатын орны да дайын. Алайда оған үлкен қаражат керек болғандықтан, өнер ошағын салу кейінге қалдырылып келеді.
Қарағандының Оңтүстік Шығыс ықшам ауданында концерт залын салу көптен күтіліп жүрген жобалардың бірі. Концерт залының жобасы дайын, орны да бар. Бірақ жобаны іске асыру үшін үлкен қаражат керек. Бұл біздің облыстық бюджетке өте ауыр болып тұр. Оны бастап кетіп, одан кейін тұрып қалсақ, тағы да болмайды. Сондықтан да бұл жобаны көтере аламыз ба, алмаймыз ба соны білуіміз керек, - дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.