Қарағандыда көлікке қойылған от киіз үй мен дүкенді күлге айналдырды
Өрт кезінде киіз үйде болған қыз бала аман қалып, күдіктіні іздеу жұмыстары басталды.
Қарағандыда белгісіз біреу автокөлікті өртеп жібергеннен кейін жалын жақын маңдағы киіз үй мен дүкен ғимаратына тараған. Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оқиға туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде жарияланған. Жазба авторының айтуынша, өрт 19 маусым күні таңғы сағат төрт шамасында Дружба көшесінде болған.
Бақылау камераларындағы жазбаларда ер адамның қолына ыдыс ұстап көлікке жақындағаны көрінеді. Алдын ала мәлімет бойынша, ыдыстың ішінде жанғыш сұйықтық болған. Ол көліктің үстіне сұйықтық құйып, от қойғаннан кейін «Алимар» кафесі жағына қарай кетіп қалған. Артынша көлік отқа оранып, жалын жанында тұрған киіз үй мен дүкенге жайылған.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, өрт шыққан сәтте киіз үй ішінде дүкен иесінің қызы болған. Қыз бала дер кезінде оянып, сыртқа шығып үлгерген. Ол зардап шеккен жоқ.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 19 маусым күні Қарағанды қаласының Төтенше жағдайлар басқармасынан Дружба көшесіндегі өрт фактісі бойынша материал келіп түскен.
Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Тергеу барысы Қарағанды облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.