"Кітап оқитын ұлт": Қарағанды мемлекеттік қызметшілері жоғары кітап оқу мәдениетін көрсетті
Қатысушылар қатарында әкімдіктер, облыстық басқармалар, құқық қорғау және төтенше жағдайлар органдары, сондай-ақ мемлекеттік кірістер қызметі мен прокуратура өкілдері болды.
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытының финалдық кезеңі қорытындыланды. Жобаға өңірдің барлық аудан-қалаларынан 1500-ден астам мемлекеттік қызметші қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қатысушылар қатарында әкімдіктер, облыстық басқармалар, құқық қорғау және төтенше жағдайлар органдары, сондай-ақ мемлекеттік кірістер қызметі мен прокуратура өкілдері болды.
Алты ай бойы қатысушылар арнайы сарапшылар іріктеген 15 кітапты оқып, өз білімдерін сынға салды. Тізімге Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Ли Куан Ю және Томас Сибель сынды авторлардың еңбектері енді.
Финал қазақ және орыс лигалары бойынша командалық форматта өтті. Аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары құрама жасақтап, білімдерімен қатар командалық үйлесімділіктерін көрсетті.
Нәтижелер:
Қазақ лигасы:
І орын – Бұқар жырау ауданы
ІІ орын – Балқаш қаласы
ІІІ орын – Қарқаралы ауданы
Орыс лигасы:
І орын – Қарағанды қаласы
ІІ орын – Саран қаласы
ІІІ орын – Теміртау қаласы
Жеңімпаздардың бірі, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Досымбеков жоба жеке даму мен үлгі көрсетудің маңызды алаңы болғанын атап өтті.
Қазылар алқасына әдебиет, білім және мемлекеттік басқару саласының сарапшылары кірді. Қазылар төрағасы – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды филиалының директоры Серікжан Байбосынов.
Жоба бүгінде Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында жүзеге асырылуда. Жалпы қатысушылар саны 189 мыңнан асты. 2026 жылы бастаманы республика бойынша кеңейту жоспарланып отыр.