Қарағандыда интернет-алаяқтыққа қатысы бар 8 күдікті ұсталды

Қарағанды облысының полицейлері бірнеше интернет-алаяқтыққа қатысы бар 8 күдіктіні ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Өкінішке орай, алаяқтардың құрығына түсіп, алданып қалған тұрғындардың саны азаяр емес.

Жыл басынан бастап интернет-алаяқтыққа қатысты 508 арыз тіркелді. Криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерімен жүргізілген арнайы операциялардың нәтижесінде интернет-алаяқтыққа қатысы бар 8 адам анықталып, ұсталды. Мәселен, Осакаров аудандық полиция бөлімінің өндірісінде Қазақстан Республикасы ҚК-нің 191-бабымен (Алаяқтық) қозғалған 12 қылмыстық іс бар. Күдікті аудан тұрғындарының сеніміне кіріп, оларды алдап, ақпараттық технологиялардың көмегімен тұрғындарға онлайн несие рәсімдеген. Жәбірленушілерге 12 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген. Жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы күдікті ұсталып, мойындау көрсетпе белгісін берді. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтықтың 9 дерегіне қатысы бар 24 жастағы күдіктіні ұстады. Оның жасаған қылмысының салдарынан жәбірленушілерге 7 млн теңгеден астам шығын келген.

Абай аудандық полиция басқармасына 53 жастағы қала тұрғыны арызбен шағымданған. Жәбірленушінің телефонына белгісіз біреу банк қызметкерімін деп хабарласып, есеп шотын сақтандырамын деген желеумен алдап, 10 млн теңгеден астам ақшасын иемденіп алған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктіні іздестіріп жатыр. Сондай-ақ Әбіл Әбілдин интернет-алаяқтардың әрекеттерінен хабары бар бірқатар тұрғындардың олармен сөзге келмей, алдауына түспегендерді де атап өтті.

Мәселен, алаяқтар туралы полициядан хабарлама алған 56 жастағы Нұра ауданының тұрғыны. Азаматшаға банк қызметкеріміз деп белгісіз біреу телефон шалған. Алайда осындай желеумен алаяқтардың жұмыс жасайтынын білген азаматша бірден телефон тұтқасын қойып, олармен байланысын үзген. Сондықтанда департамент бастығының орынбасары қала және облыс тұрғындарына алаяқтардың арбауына түспеу үшін банк қызметкерлерінің ешқашан сіздің жеке ақпараттарыңызды сұрамайтынын, ешқашан күдік тудыратын сілтемелерге кірмеу керектігін, өздеріңіздің жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеу қажеттігін, сонымен қатар егер тұрғындарға банк қызметкеріміз деп хабарласса, бірден телефон тұтқасын қойып, банктың Call орталығына немесе полицияға хабарласу қажеттігін еске салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы