Қарағандыда ер адам көпқабатты үй тұрғындарының зәресін ұшырды
Қарағандының Пришахтинск ықшамауданында 40 жастағы ер адам қолына бензин алып, өзін де, пәтерін де өртейміз деп қоқан-лоқы жасап, туғандары мен көршілерін бір сағаттан астам уақыт бойы үрейде ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Куәгерлердің айтуынша, ол туыстарының сөзін тыңдамай, айқайлап, өзін-өзі өртемек болған. Жағдай ушыққан соң отбасы полиция шақыруға мәжбүр болды. Оқиға орнына құқық қорғау органдары мен төтенше қызмет өкілдері жедел жетті. Көпқабатты үйдің тұрғындары, оның ішінде балалар бар отбасылар, қауіпсіздік үшін далаға эвакуацияланды.
Алайда тәртіп бұзушы полиция мен құтқарушылар келгеннен кейін де айқайын тоқтатпай, оларға балағат сөздер айтып, өзін өртейміз деп қоқан-лоқысын жалғастыра берген.
Жағдай шегіне жеткен сәтте арнайы жасақ қызметкерлері іске қосылды. Үшінші қабаттағы балкон арқылы пәтерге кіріп, ер адамды дер кезінде залалсыздандырды. Көрген куәгерлердің айтуынша, сол сәтте аула айқай-шуға, сиреналарға толып, жағдай өте қауіпті болып тұрған.
Әкесімен жанжалдасып қалған ер адам бесқабатты үйдің балконына шығып, қолындағы бензин құйылған бөтелкемен өзін және пәтерді өртейміз деп мәлімдеді. Арнайы жасақтың жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ер адам ұсталғаннан кейін тұрғындар өз үйлеріне қайта оралды. Қазіргі уақытта ол психоневрологиялық диспансерге орналастырылды.