Қарағандыда дауыл ойын алаңындағы жасанды көгал жабындысын балалармен қоса ұшырып әкетті

Қарағандыда қатты жел балалар алаңындағы жасанды жабындыны ұшырып, алаңда ойнап жүрген 3 баланы да ұшырып әкеткен. Зардап шеккендер бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін күндізгі сағат 14.00 шамасында қатты дауыл Көгілдір тоғандар шағын ауданындағы тұрғын үйдің ауласындағы балалар алаңындағы жабындыны ұшырған. Алаңда ойнап жүрген үш бала да ұшып кеткен. Бір бала үйдің алдына құлаған. Балаларға көмекке үлкендер келіп, жедел жәрдем шақырған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем екі баланы ауруханаға жеткізген.

Балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп айтуға болады. Есін біледі. Бірақ қорқып қалған. Қабылдау бөлімінде балаларды қарап жатыр, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау департаменті.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, ойын алаңындағы жел ұшырған жасанды көгал жабындысы жақында ғана орнатылған.

Жасанды көгалды мердігер ұйым өткен аптадан бастап жая бастаған. Ол периметрі бойынша ғана бекітілген. Бірақ пайдаланылуға берілмеген, себебі ойын элементтерін орнату керек болатын. Аудандардың екі әкіміне барлық балалар алаңы мен көгалдардың бекітілуін тексеруді тапсырдым, - деді қала әкімі Мейрам Қожухов.

Қала әкімі ата-аналарды осындай ауа райында балаларды қараусыз қалдырмауын сұрады.

Бұған дейін синоптиктер 19 маусымда Қарағанды облысында секундына жылдамдығы 28 метр қатты жел болатындығын хабарлаған болатын.

Қатты дауыл қаладағы бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып, ағаштарды құлатты.

13 сағат 20 минутта Ә.Ермеков көшесіндегі «ҚР ІІМ Б.С.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясыны» 4 қабатты оқу корпусының шатыры қатты дауыл салдарынан ұшып кетті. Зардап шекккендер мен қаза болғандар жоқ. Зақымдану аумағы анықталу үстінде, - деп хабарлады академия.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы