Бүгiн 2026, 20:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артем Чурсинов

Қарағандыда бір жастағы бала ауруханада көз жұмды

Қарағандыдағы қайғылы жағдайға қатысты тәуелсіз сарапшылар тартылып, медициналық көмек толық тексеріледі.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қарағанды қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада баланың қаза болуына байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігі қайтыс болған баланың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас ауру басталғаннан кейінгі екінші тәулікте инфекциялық орталыққа жеткізілген. Жағдайы нашарлаған соң бала жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған.

Тексеру барысында баланың жағдайы аса ауыр екені анықталған. Бұл бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ инфекциялары қатар жүрген күрделі жұқпамен байланысты болған. Аурудың өтуі айқын иммун тапшылығымен және туғаннан бастап вакцина алмағанымен қиындаған. Бұл ағзаның инфекцияға қарсы тұру мүмкіндігін айтарлықтай шектеп, жүргізілген емнің тиімділігін төмендеткен.

Медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сай толық көлемде көрсетілген. Емдеу тактикасы бірнеше рет республикалық консилиумдарда қаралған. Оған салалық жетекші мамандар, соның ішінде штаттан тыс бас балалар инфекционисті, бас балалар пульмонологы және бас балалар реаниматологы қатысқан.

Қосымша ретінде экстракорпоральды мембраналық оксигенация (ЭКМО) қолдану мүмкіндігі де қарастырылған. Алайда консилиум қорытындысы бойынша, баланың жағдайының ауырлығына және медициналық көрсеткіштерге байланысты бұл әдіс ұсынылмаған.

Қарқынды терапия жүргізіліп, барлық қажетті шаралар қабылданғанына қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.

Ведомствоның баспасөз қызметі мұндай жағдайлардың медициналық тұрғыдан өте күрделі екенін атап өтті. Ауыр инфекция, иммун тапшылығы және вакцинацияның болмауы сияқты факторлар уақтылы әрі толық ем жүргізілгеннің өзінде жағымсыз нәтижеге әкелу қаупін күшейтеді.

Министрлік бұл жағдай бойынша көрсетілген медициналық көмекті жан-жақты бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, толық тексеру жүргізілетінін хабарлады.

БАҚ өкілдерін, блогерлерді және қоғамды тек тексерілген әрі ресми ақпарат көздеріне сүйенуге, асығыс қорытынды жасамауға және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз, – делінген хабарламада.