Қарағандыда бір-бірін құтқармақ болған Үндістаннан келген екі студент суға батып кетті
Студенттер шомылуға тыйым салынған жерде суға түсіп, бір-бірін құтқармақ болған.
Қарағандыдағы Федоров су қоймасында Үндістаннан келген екі студент қаза тапты. Қайғылы оқиға 30 мамыр күні күндіз жабдықталмаған жағажай аумағындағы шомылуға тыйым салынған жерде болған.
Қарағанды облыстық ТЖД мәліметінше, көз жұмғандар 2004 және 2005 жылы туған жастар. Алдын ала дерек бойынша, студенттердің бірі суға түсіп, бата бастаған. Екінші жігіт досын құтқаруға ұмтылғанымен, екеуі де жағаға шыға алмаған.
Қаза болғандардың денесін құтқарушы-сүңгуірлер тауып, судан алып шыққан.
Құтқарушы-сүңгуірлер суға кеткендердің денесін жағадан 15 метр қашықтықта, 5 метр тереңдіктен тапты. Бұл аумақта су түбі тегіс емес, тереңдік күрт өзгереді, – деп мәлімдеді құтқарушылар.
Ведомство өкілдері шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу өмір мен денсаулыққа үлкен қауіп төндіретінін еске салды.
Тыйым салынған жерлерде шомылу өмірге қауіпті, – деп атап өтті ТЖД қызметі.
Сондай-ақ құтқарушылар су айдынының қауіпсіздігін сыртқы көрінісіне қарап анықтау мүмкін емес екенін айтты. Қауіпті аумақтарда арнайы тыйым салатын белгілер орнатылады.