Қарағандыда белгілі журналист Қуандық Шамақайұлының еңбектеріне арналған бұрыш ашылды

Қоғам қайраткері, журналист, жазушы Қуандық Шамақайұлының шәкірт дайындау ісіндегі зор үлесі өзі ұстаздық еткен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ұлықталды, деп хабарлайды Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Еске алуға арналған шараға марқұмның жары, туғандары, достары, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

1960 жылы Моңғоляда дүниеге келген Қуандық Шамақайұлы 1983 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын осы елдің «Бұқара құқығы», «Ашық шежіре» атты газеттерінде бастаған. Қуандық Шамқайұлы 1993 жылы ата жұртқа оралып, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде журналистика кафедрасының ашылуына атсалысты.

Биыл журналистика кафедрасына 30 жыл. Осы отызжылдық аясында, әріптестермен ақылдаса келе, өткен тарихқа көз жүгіртіп, осы жерде ұстаздық қызмет еткен, кафедраның іргетасы бекіп, қабырғасы қатаюына үлкен еңбек сіңірген азаматтарды еске алып, бұрыш беруді шештік. Мұның барлығы біз оқытып жатқан студенттер үшін үлкен тәлім-тәрбие. Осы шара аясында марқұм Қуандық Шамақайұлын еске алып, мәдени шара өткізіп отырмыз. Қуандық Шамақайұлы ҚарУ-дың журналистика кафедрасына 1994 жылы келіп, 12 жыл ұстаздық қызмет атқарған. 12 жыл деген үлкен ғұмыр. Жалпы Қуандық ағамыздың Қазақстанда істеген еңбегінің ең бір керемет кезеңдері осы Қарағанды университетінің қабырғасында өтті деп ойлаймын, - дейді Қ.Шамақайұлының әріптесі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қойлыбай Асанов.

Қуандық Шамақайұлы ұстаздық ете жүріп, 200-ге жуық ғылыми мақаламен қатар, монографиялар жазып жарыққа шығарды, проза жанрына да бет бұрған. Журналистика кафедрасы мен шәкірттерінің ұйымдастыруымен өткен шарада жазушының «Шөлейт жақта» көркем әңгімелер кітабының тұсауы кесілді.

«Адам өлген күні өлмейді, еске алмаған күні өледі» дейді халық даналығы. Қапияда көз жазып қалған журналист, жазушы, ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Қуандық Шамахайды замандастары, әріптестері, ауылдас достары, шәкірттері, бауырлары ұмытпай, үнемі құрметпен еске алып келеді. Бұл әрине, марқұмның қысқа да болса өнегеге толы мағыналы ғұмыр кешкенінің айғағы. Расында Қуандық Шамақайұлының өмір тарихы, жүріп өткен жолдары оның дара дарынын, биік адамгершілік парасатын, ешқашан мұқалмаған қажыр-қайратын, ел мүддесі, ұлт тағдыры жолындағы қайтпас азаматтық ұстанымын көрсетеді, - дейді журналисттік жары Айша Құрманғали.

Белгілі журналист, қоғам белсендісі Қуандық Шамақайұлы 2020 жылы маусым айында мезгілсіз өмірден өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы