Қарағандыда баланы ұрған тәрбиеші 4 тәулікке қамалды
Қарағанды сотында баланы ұру фактісі бойынша балабақша тәрбиешісіне қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Іс Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды.
2024 жылдың 17 мамырында Қарағанды қаласының Восток-2 шағын ауданында орналасқан Джин балабақшасының тәрбиешісі 2018 жылы туған баланы ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірді, - делінген хабарламада.
Тәрбиешіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі «тәрбие мекемесі қызметкерінің міндеттерін тиісінше орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. 27 маусымда іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған еді.
Алайда тәрбиешіге қатысты «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалды.
Әйел кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сот оны кінәлі деп тапты.
Жасалған құқық бұзушылықтың сипатын және ауырлығын, әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың болуын ескере отырып: өзінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін сот осы баптың санкциясы шегінде 4 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде жаза қолданды, - делінген хабарламада.