Қарағандыда «БалаFEST» фестивалі өтті
Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда Балалар жылы аясында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «БалаFEST» фестивалі өтті.
Бүгін алғаш рет ұйымдастырылған шараға 180-дей оқушы қатысты. Фестиваль балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға үйретті.
Фестивальді Қарағанды облысы білім басқармасы ұйымдастырған. Басқарманың тәрбие бөлімінің басшысы Аруна Мұратқызы:
Балалардың қауіпсіздігі-біздің мемлекетіміздің басты міндеті болып табылады. Бүгін фестиваль аясында облыстық «Қауіпсіз жаз» акциясы жұмысын бастады. Енді алдағы күндері акция аудан-қалаларда өткізілетін болады. Сонымен қатар бүгін мектеп жанындағы лагерьлердің де ашылуы болды. Бұдан бөлек облыс көлемінде мерекеге орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Біз аймағымыздағы барлық баланы қуантуға тырыстық,- дейді ұйымдастырушы.
Аймағымызда басталған «Қауіпсіз жаз» акциясы келушілерге сақтық шаралары мен алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретті. Акцияда Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Денсаулық сақтау басқармасы мен Ішкі істер департаменті қызметкерлері балаларға жаз айларында жолдан абайлап өтуге, суға ата-анасының рұқсатынсыз түспеуге кеңес беріп, үгіт-насихат жүргізді. Облыстық Төтенше жағдайлар Департаментінің аға официері Еркін Жанабаев:
Жаз айларында балалар көбіне ата-анасының қарауынсыз қалып, түрлі жағдайларға ұшырап жатады. Біз шамамыз келгенше сақтық шараларын жүргізіп, балаларды қорғауға тырысамыз. Біздегі фактілерге сүйенсек аймағымызда балалардың биіктіктен құлау, суға бату жағдайлары жиі тіркеледі. Биыл жыл басынан бері облысымызда 8 бала, ал, былтырғы жылы 26 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Соңғы 5 жылда елімізде 605 бала суға кетіп қайтыс болған. Сол себепті ата-аналарға балаларына немқұрайлы қарамауды өтінеміз. Балалар сендер де сақтанып жүріңдер, үлкендердің айтқанын тыңдаңдар!,- деді.
Фестиваль аясында балалар аниматорлармен бірге қызыққа толы станцияларға саяхат жасап, сурет салып, қыш бұйымдарын жасап үйренді. Фестивальге келген қатысушыларымыздың бірі- Бекнұр Абаев Нұрмақов мектебінің 5 сынып оқушысы.:
«Бүгінгі «БалаFEST» фестивалі өзіме қатты ұнады. Қатарластарыммен «Мен кіммін?», «Гуливер және Мугивер» тапқырлық ойындарын ойнадық. Асық ату сайысына қатыстым.