10 Наурыз 2026, 14:07 Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Қарағандыдағы балабақшада тәрбиеші баланы лақтырып, ұрған

Камера жазбасында тәрбиеші көмекшісі баланы бірнеше рет көтеріп, лақтырып, ұрғаны көрінеді.

Қарағанды қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеленуші балаға күш қолданылғаны жайлы жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызды. Бұл жайында баланың анасы редакциямызға жазып, араша сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ата-ананың айтуынша, қызы Қарағанды қаласындағы “Yasmini” жекеменшік балабақшасына 11 ақпанында барған. Ал келесі күні баланы үйіне алып келген кезде оның денесінде көгерген іздер болған.

Қызымды үйге алып келгенде барлық денесі көк ала болып тұрды. Балабақша басшылығынан бейнежазбаны көрсетуді сұрадық, бірақ бастапқыда түрлі себеппен көрсетпеді, - дейді баланың анасы Зейнеп Асанова.

Кейін ата-ана полиция қызметкерлерімен бірге балабақшаға қайта барып, бейнебақылау камерасындағы жазбаларды көргенін айтады.

Оның айтуынша, камера жазбасында тәрбиеші көмекшісі баланы бірнеше рет көтеріп, лақтырып, ұрғаны көрінеді.

Камерадан қарасақ, тәрбиеші қызымды жарты сағат бойы көтеріп, лақтырып, ұрып отырған. Бала қатты жылағанына қарамастан ешкім тоқтатпаған, -дейді ол.

Ата-ананың айтуынша, бұл жағдай алғаш рет болмаған. Бұған дейін де бала үйге бетінде шапалақтың ізімен, денесінде тырналған іздермен келген кездері болған.

Балабақша әкімшілігі алғашқыда жарақаттың себебі ретінде баланың ойыншыққа шалынып құлағанын, кейін баспалдақтан құлағанын айтқан. Алайда кейін тәрбиеші көмекшісі балаға қол көтергенін мойындаған.

Бұл жағдайға қатысты Қарағанды қаласының білім бөлімі ресми жауап берді.

Ведомство мәліметінше, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеру барысында баланың дене жарақаты тәрбиеші көмекшісінің әрекеттерінен болғаны анықталған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, тәрбиеші көмекшісі аталмыш балабақшада 2025 жылдың 1 қазанынан бастап жұмыс істеген.

Лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәрбиеші көмекшісі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Қарағанды қаласының білім бөлімі.

Сонымен қатар, оқиға бойынша құқық қорғау органдары тарапынан да тексеру жүргізілген.

Ал баланың анасы балабақша басшылығы өз жауапкершілігін толық мойындамай отырғанын айтады. Оның сөзінше, ата-аналарға жағдай туралы ескерту жасауға тырысқан кезде балабақша басшылығы тарапынан қысым болған.

Бала соққыдан кейін ауруханаға жатып, тиісті емде қабылдаған көрінеді. Бұл мәселе қазіргі уақытта қоғамда балалар қауіпсіздігі мәселесін тағы да көтеріп отыр.

Аталмыш балабақша басшысы Назгүл Жакенова бұл факттың болғанын растады.

Оқиға болған күні балабақшада көмекші мен баланың тұрғанын байқап, өзіме шақырдым. Сосын ата-анасына хабарласып, ауруханаға апарып, тексертуді сұрадым. Және қорытындысын естігенше балабақшада күттім,-дейді ол. 

Сондай-ақ оның сөзінше маман барлық талапқа сай жұмысқа алынған, медициналық құжаттары оң болған. Балабақша ешқандай жауапкершіліктен қашпайды.

Бейнекамераларды көру үшін арнайын техник маманды күтуге тура келді. Ал кейін барлық бейнені құқық қорғау органдарына тапсырдым,-деді балабақша басшысы. 

Ал анасының кешірім сұрамады дегенін жоққа шығарып отыр.